Енді банк шоттарын бұғаттау тәртібі жеңілдетілді
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі елдегі барлық салық төлеушілердің шамамен 70 пайызына қолданылады. Онымен жұмыс істеуге мүмкіндік алатын, сонымен бірге, бұл жеңілдік берілмейтін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің алдын ала тізбелері аптаның соңына дейін «Ашық» порталында жарияланады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Елордада өткен жаңа Салық кодексін түсіндіру жиынына Қаржы министрі, Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» палатасының өкілдері қатысып, бизнес өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Іс-шарада жаңа кодекстің артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді.
Жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған қорытынды семинарда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «оңайлатылған» режимді қолдана алмайтын қызмет түрлеріне қатысты ақпарат берді. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желіде тарап жүрген тізімдер ресми емес, себебі түпкілікті нұсқасы әлі әзірлену үстінде. Бұл жұмыс шағын топпен емес, бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып жүргізіліп жатыр екен. Жұманғариннің сөзінше, арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілетін және берілмейтін қызмет түрлерінің алдын ала тізімі осы аптаның соңына дейін «Ашық» порталында жарияланады.
«Соңғы уақытта көп ақпарат тарап кетті, кейбір тізім мерзімді басылымдарда жарық көрді. Шындығында, біз ешқандай тізімді жариялаған жоқпыз. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл іске Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де белсенді қатысуда», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексіндегі басты өзгерістердің бірі - банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту. Бұған дейін кәсіпкердің салық берешегі 6 айлық есептік көрсеткіштен асса, барлық банк шоты бұғатталатын. Енді бұл шектеу жеңілдетіліп, 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылыпты.
«Салықты өндіріп алу кезінде бұрынғы көзделген бақылау шаралары азайтылды. Мысалы банк шоттары бұғатталатын болатын. Ол шараларды да жаңа Кодекс шеңберінде алып тастадық. Екіншіден, егер салық қарызы болатын болса, бұрынғы Кодексте кешірек төлеуге мүмкіншілік болған. Бірақ ол үшін кепіл беру керек, сома көрсету керек болатын. Қазіргі таңда ол шараларды қайта қарап, кепілсіз төлеуге мүмкіндік беріп отырмыз», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Жиынға келген кәсіпкерлер де сұрақтарын қойып, толғандырған сауалдарына жауап алды. Білім беру бағытында қызмет көрсететін Альмира Шарафутдинова бұл салаға қосылған құн салығын енгізу дұрыс емес деп санайды. Себебі онда интеллектуалдық еңбек қолданылады дейді.
«Оқу орталықтарының көпшілігі жеке адамдармен жұмыс істейді. Әрине, кейбір компаниялар өз қызметкерлерін оқытуға жібереді, бірақ негізінен бұл жеке азаматтарға көрсетілетін қызмет. Сондықтан бізді тыйым салынған тізімге енгізбеу керек. Өйткені мұнда көбіне интеллектуалдық еңбек қолданылады», - деді кәсіпкер Альмира Шарафутдинова.
Айта кетейік, жеңілдетілген салық режимі сақталатын екінші топта бизнестің 300-ден астам түрі бар. Атап айтқанда, 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда орындарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақүйлер, тұрғын үй мен көлікті жалға беру, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жолаушылар тасымалы, балабақшалар, үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қызметтер. Алдын ала есеп бойынша, барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ы осы жеңілдетілген режимді пайдаланады. Демек, тұрғындарға қызмет көрсететін шағын бизнеске жеңілдік сақталады, ал ірі бизнес жалпы тәртіпке көшеді.
Мәди Бижан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жаңа Салық кодексі бизнеске әкімшілік жүктемені азайтады