Жыл басынан бері бюджет түсімі 106,4% орындалды

15.07.2025 10:01

Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсетті

Tech Daily/ unsplash.com/

Биылғы жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірістері шамамен 11 трлн теңгені немесе жоспардың 106,4% құрады. Қаржы министрі Мәди Тәкиев бірінші жартыжылдық қорытындысын баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Республикалық бюджет 31 млрд теңгеден аса артығымен орындалып, 100,5% атқарылды. Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсетті: кірістер 117% немесе 656,6 млрд теңгеге атқарылды, — деді М. Тәкиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны мемлекеттік бюджет бойынша 118,8%, оның ішінде республикалық бюджет бойынша 122% және жергілікті бюджет бойынша 114,3% құрады.

Сонымен қатар, салықтық, кедендік әкімшілендірудің арқасында 492 млрд теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

Жыл басынан бері қосылған құн салығын қайтару көлемі өткен жылдың деңгейінен 12% артық орындалып, 768 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет шығыстары 92%, республикалық бюджет 91,5%, жергілікті бюджет 96,3% атқарылды.

"Республикалық бюджеттің негізгі шығыстары мына салаларға бағытталды: әлеуметтік блокқа — 4,3 трлн теңге; өңірлерді қолдауға — 3,6 трлн теңге; нақты секторға — 800 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттер әлеуметтік сала мен негізгі қызметтердің басымдық бере отырып қаржыландырылды. Жалпы сома 8 трлн теңгені құрады, — деді М. Тәкиев.

Оқи отырыңыз: Екі жылда елдегі бидай алқаптары 750 мың гектар кеміген