Жолдауды жүзеге асыру: Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынады

03.09.2026 10:40

Жоспар су шаруашылығы инфрақұрылымын толық қамтиды

primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды еліміздің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі ретінде атап өтті. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында су шаруашылығы кешенін жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізілуде. Су қоймалары салынып, реконструкциялануда, су арналары жаңғыртылып, заманауи суару технологиялары мен су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері енгізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Негізгі шаралар 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында және 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда көзделген.

Жоспар су шаруашылығы инфрақұрылымын толық қамтиды. Атап айтқанда, 42 жаңа су қоймасын салу, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау, 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту және кемінде 3,5 мың шақырым суару желілерін цифрландыру жоспарланған. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары енгізіліп, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау жүйелері жетілдірілуде, саланың кадрлық және ғылыми базасы нығайып келеді.

Жүзеге асыру кезеңінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді: су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтіліп, су қоймалары мен су арналары реконструкцияланды, жаңа нысандардың құрылысы басталды, ирригациялық желілерді тазарту көлемі ұлғайтылды, кадрлық әлеует нығайтылып, қосымша қаржы тартылды.

Президенттің су саласы бойынша берілген тапсырмаларын жүзеге асырудағы негізгі нәтижелер Primeminister.kz редакциясының шолуында қамтылған.

Жаңа Су кодексі: 168 су үнемдеу жоспары және су ресурстарын пайдалануда бақылауды күшейту

2025 жылы су ресурстарын қорғау және пайдалану тәртібін жаңартқан жаңа Су кодексі күшіне енді.

Заңнамада алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық сулар саласындағы ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуді көздейді. Экожүйелерді сақтау мақсатында өзендердің, көлдер мен теңіздердің тұрақты жай-күйін қамтамасыз етуге қажетті судың ең төменгі көлемін білдіретін «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді.

Шағын өзендер, көлдер, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғау күшейтілді. 2027 жылғы 10 маусымға дейін жергілікті атқарушы органдар елді мекендердегі жерүсті су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауы тиіс.

Су кодексінде Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі Бас жоспар мен бассейндік жоспарларды әзірлеу көзделген. Олар сумен қамтамасыз етілу болжамдарын ескере отырып әзірленіп, саланың басымдықтарын, негізгі шаралары мен қажеттіліктерін айқындайды. Бұл көрсеткіштер кейін мемлекеттік және өңірлік жоспарлау кезінде ескерілетін болады.

2026 жылы сегіз бассейндік жоспарды әзірлеу аяқталады. Олар су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеуге негіз болады, ал көзделген іс-шаралар өңірлердің даму жоспарларына енгізіледі.

Жаңа Су кодексінде ірі су пайдаланушыларға қойылатын талаптар қайта қаралды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу өндіруші ұйымдар бес жылдық кезеңге қайталама және айналымды сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеп, қолданыстағы жүйелерді заманауи технологияларды қолдана отырып жаңғыртуы тиіс. Қазірдің өзінде осындай 168 жоспар әзірленіп, кәсіпорындарға түгендеу жүргізілді. Сонымен қатар белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуға мүмкіндік беретін нормалар әзірленуде.

Кодекстің жекелеген бөлімі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне арналған. Бассейндік инспекциялардың бақылау өкілеттіктері кеңейтіліп, бұзушылықтарға, оның ішінде судың заңсыз айналымына байланысты фактілерге жедел ден қою құқығы берілді.

Сонымен қатар су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді.

543,5 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 874 млн м³ су үнемделді

Суды үнемдеудің негізгі резерві ауыл шаруашылығында шоғырланған. Бұл салаға жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы тиесілі. Заманауи суару жүйелеріне көшуді жеделдету мақсатында су беру шығындарын субсидиялау және су үнемдеу технологияларына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу жөніндегі функциялар Су ресурстары және ирригация министрлігінің құзырына шоғырландырылды.

2024 жылы мұндай технологиялармен қосымша 153 мың гектар қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 154 мың гектарға артты. Орташа жылдық өсім бұрынғы 30-35 мың гектар көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 150 мың гектарға жетті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік жерлердің жалпы аумағы 543,5 мың гектарға жетті, бұл шамамен 874 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін, ал үнемделетін су көлемін шамамен 2,2 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын қаржыландыру 2023-2025 жылдардағы 55,5 млрд теңгеден төрт есе көп, яғни 228 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.

Фермерлердің шығындарын өтеу 80%-ға дейін жоғарылатылды. Бұл заманауи суару жүйелерін кеңінен қолдануға және су шығынын одан әрі азайтуға мүмкіндік береді.

Суды заңсыз пайдалануға қарсы күрес шеңберінде Бас прокуратурамен бірлескен судың «қара нарығын» жою жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Онда су ресурстарының аудиті, тәуекел аймақтарын анықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымына арналған шығыстарды тексеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қарастырылған.

Заңбұзушылықтар туралы «Судың қара нарығына жол жоқ!» Telegram-боты арқылы жасырын түрде хабарлауға болады. 2025-2026 жылдары 1 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 316 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ғарыштан жасалған мониторинг нәтижесінде қосымша 472 заңбұзушылық анықталды, олар бойынша да 206 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Су каналдарын жаңғырту: 4,6 мың шақырымнан астам инфрақұрылымда жұмыстар жалғасуда

2030 жылға қарай 14,5 мың шақырым суару арналарын жаңғырту және бетонмен қапталған желілердің үлесін 18%-дан немесе 8 мыңнан астам шақырымнан 50%-ға дейін немесе 14,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарлануда.

2024-2025 жылдары 1,4 мың шақырымнан астам канал реконструкцияланып, жаңғыртылды. Ауыз сумен жабдықтау саласында тағы 22 жоба жүзеге асырылды. Олар шамамен 945 мың халқы бар 321 елді мекенді қамтыды.

Бүгінде 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыстар жалғасуда. 2026 жылы оның 962 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жағдайларын жақсартады.

Сонымен бір мезгілде механикалық тазарту жұмыстарының да көлемі артуда. Мәселен, ол 2023 жылғы 678 шақырымнан 2024 жылы 1,1 мың шақырымға, ал 2025 жылы 1,8 мың шақырымға жетті. Соңғы екі жылда мұндағы жұмыстардың орташа көлемі жыл сайын 1,5 мың шақырымды құрады.

2025 жылы Орталық Қазақстанды, соның ішінде Астананы да, сумен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие Қ.Сәтбаев атындағы каналды ауқымды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталды.

Өзге де ірі жобалардың қатарында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын жаңғырту жұмыстары бар. Реконструкция үш кезеңнен тұрады және 33,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жөніндегі тағы 12 жоба шамамен 540 мың адам тұратын 142 ауылдық елді мекен үшін ауыз суға қолжетімділікті жақсартады.

42 жаңадан салынатын және 37 реконструкцияланатын су қоймалары: бес нысан жаңғыртылды

Салада 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау көзделген. Соның ішінде 2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында бес нысан жаңартылды.

Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек ата» су қоймаларының құрылысы жалғасуда. Олар 2026 жылы іске қосылған кезде қосымша 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.

Ислам даму банкінің алғашқы қарыз траншы есебінен тағы үш су қоймасының құрылысы дайындалуда, олар – Жамбыл облысында «Ақмола», Қызылорда облысында «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысында «Үлкен Өзен» жобалары. Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Көксарай» су қоймасын қайта жаңарту көзделген.

Су дипломатиясы: Солтүстік Аралдың көлемі 23,5 текше шақырымға дейін өсті

Трансшекаралық сулар бойынша Қазақстан барлық іргелес мемлекеттермен құқықтық база қалыптастырып, екіжақты комиссиялардың жұмысын жолға қойды. Өзбекстанмен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.

Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері Солтүстік Арал теңізіне, тіпті су аз кезеңдерде де тұрақты ағын көлемін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Оның көлемі 2023 жылы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті.

Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су келіп түсті, соның нәтижесінде су айдынының деңгейін тұрақталды. Францияның даму агенттігінің қолдауымен экожүйені сақтаудың 2040 жылға дейінгі Мастер-жоспары дайындалуда.

Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан 100% толды. Бұқтырма су қоймасына 2024-2025 жылдары келген жалпы су ағыны 58,6 млрд текше метр болды, бұл оны қайтадан толтыруға және Ертіс өзенінің ағысын тұрақты түрде реттеп отыруға мүмкіндік берді.

3,3 млн-нан астам мектеп оқушысы мен 35 мың студент су үнемдеу жобаларына тартылған

Су үнемдеу мәдениеті білім беру үдерісі мен күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне біртіндеп айналып келеді. «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы аясында өткізілген ашық сабақтар мен экосағаттар еліміздегі 3,3 млн-нан астам мектеп оқушысын, яғни оқушылардың шамамен 80%-ын, сондай-ақ 35 мыңнан астам студентті қамтыды. Іс-шаралар 2,5 мыңнан астам мектепте, 100-ден астам колледжде және 19 университетте өтті.

«Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы жалғасуда. 2025–2026 жылдары ол еліміздің барлық өңірлерін қамтыды: 94 бұлақ пен 62 су объектісі абаттандырылды, 24 мыңнан астам адам қатысты, 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Акция аясында су саласындағы алғашқы «Болашақтың қайнары» волонтерлік қозғалысы да құрылды. Бастама Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттерінен бастау алып, бүгінде еліміздің басқа да өңірлерінде жүзеге асырылуда.

2026 жылы су саласының өкілдері алғаш рет педагогтердің тамыз конференциясына қатысып, онда суды үнемдеу қағидаттарын білім беру және тәрбие процесіне енгізу тәсілдерін ұсынды. Мектептер үшін су үнемдеу тақырыбы бойынша оқу материалдарын қамтитын «Су сандығы» әдістемелік ресурсы әзірленді. Жинақты Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы Францияның даму агенттігімен, ЮНИСЕФ-пен және Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетімен бірлесіп дайындады.

23 мың су нысаны цифрландырылды: су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылды

Су саласын цифрландыру Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесінің айналасында құрылуда. Жүйе су нысандары, инфрақұрылым, су пайдаланушылар және жерасты сулары туралы деректерді бір базаға біріктіріп, саланы тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Жүйеде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылысты қоса алғанда, 23 мыңнан астам су объектілері бойынша мәліметтер цифрландырылған. 3 мыңға жуық ұйым және 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді, нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты қалыптастырылды. Жүйе арқылы су есебінің бастапқы деректері бойынша 2,2 мыңнан астам есеп және 2-ТП нысаны бойынша 1,3 мыңнан астам есеп қабылданды. 

«Қазсушар» шаруалармен жұмысты өтінім беруден бастап төлем жасауға дейін толық цифрлық форматқа көшірді. 2026 жылдың басынан бері биллинг жүйесі арқылы су беру бойынша 26,8 мыңнан астам шарт жасалды.

Келесі кезең – ірі өнеркәсіптік және коммуналдық тұтынушылармен жұмысты цифрландыру және су беруді дәлірек жоспарлау үшін суды тұтынуды ерте болжауды енгізу.

БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп өзен ағынын, су қоймаларына келетін су көлемін, сондай-ақ су тасқыны мен су тапшылығы сценарийлерін болжайтын немістің TALSIM-NG жүйесі тестілеуден өткізілуде. Бүгінде ол еліміздің сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды. Жүйе жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Tasqyn бағдарламасымен біріктірілген, онда деректер су тасқыны тәуекелдерін бағалау және жедел шешімдер қабылдау үшін пайдаланылады.

Автоматтандыру жұмыстары ирригациялық желілерді де қамтиды. Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын, 65 мың гектар жерді суарумен қамтамасыз ететін 103 каналда жұмыстар басталды. Жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын тағы 270 реконструкцияланған канал автоматтандырылған басқару жүйесіне көшірілуде.

Бұдан бөлек суды есепке алудың заманауи жүйелері қарастырылған 264 каналды реконструкциялау жобасы әзірленуде. Бұл су ысырабының көлемін азайтып, су бөлудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

2,7 мың бұлақ бірыңғай базаға енгізілді: Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі қайта құрылды. Қазіргі таңда мамандар бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай деректер базасын қалыптастыруда. Архивтік материалдар негізінде 2,7 мыңнан астам бұлақтың орналасқан жері базаға енгізілді, сондай-ақ қосымша 711 әлеуетті су көзі анықталды.

Жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтерді біріктіру үшін Water Base ақпараттық жүйесі құрылды. Сонымен қатар 2027–2040 жылдарға арналған жер асты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы әзірленуде. Құжат оларды игеру, елді мекендер мен экономика салаларын сумен жабдықтау үшін пайдалану, сондай-ақ қорларды сақтау тәсілдерін айқындауға тиіс.

Оқи отырыңыз: Алматыда бір тәулікте қанша жол ережесін бұзу дерегі анықталды

Толық көрсету