Алматыда бір тәулікте қанша жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Мегаполисте жолдағы тәртіпке бақылау күшейтілді
Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары барысында бір тәулікте 1 272 жол ережесін бұзу фактісі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық прокуратурадан хабарлағандай, оның 110-ы - жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылық.
Атап айтқанда, көлікті мас күйінде басқарудың 5 дерегі, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рөлге отырған 2 жағдайы және жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарудың 2 фактісі тіркелді.
Сондай-ақ қарсы қозғалыс жолағына шығудың 7, маневр жасау қағидаларын бұзудың 52 дерегі анықталды. Оның ішінде қауіпті маневр жасап, жолақ арасында кезек-кезек қозғалған жүргізушілер де бар.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік белдігін тақпаудың 25, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 17 фактісі тіркелді.
Жол ережесін бұзған 10 көлік арнайы тұраққа қойылды.
Алматы қаласының прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз қауіпсіздігі мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды