Инвестициялық табыс 7,1 млрд долларға (12,3%) жетті
Қазақстан Ұлттық банкінің Басқармасы кезекті отырысын өткізіп, ақша және валюта нарығындағы жағдайды, сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобалардың жүзеге асырылуын қарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Реттеуші алаңға түскен өтінімдер ішінен үш бағыт бойынша бес жоба мақұлданды. Олар: цифрлық активтер биржасын құру, цифрлық активтер бойынша брокерлік қызметтерді дамыту және ақшаға байланған цифрлық активтерді шығару мен оның айналымын қамтамасыз ету.
Басқарма 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы Ұлттық қор активтерін басқару есебін де бекітті.
«3-тоқсанда Ұлттық қордың валюта активтері 2,5 млрд АҚШ долларына өсіп, 62,7 млрд АҚШ долларына жетті. Активтердің өсуіне шамамен 2,6 млрд АҚШ долларындай инвестициялық табыс ықпал етті.
Сонымен қатар Ұлттық қорға түскен түсім 1,03 трлн теңгеге (оның 837 млрд теңгесі немесе 1,55 млрд АҚШ доллары – шетел валютасында) жетті. Ал Ұлттық қордан алынған кепілді және мақсатты трансферттер – (-)1,07 трлн теңге (трансфертке қаражат бөлу үшін Ұлттық қордан (-)1,6 млрд АҚШ доллары сатылды).», - делінген Ұлттық банк хабарламасында
Жыл басынан бергі тоғыз айда Ұлттық қордың валюта активтері 3,9 млрд долларға ұлғайып, инвестициялық табыс 7,1 млрд долларға (12,3%) жетті.
Сонымен қатар Басқарма банкке жатпайтын қаржы ұйымдарының есептілігіне қатысты нормативтік актілерді оңтайландыруды мақұлдады. Өзгерістер микрокаржы ұйымдары, кредиттік бюролар және басқа да қаржы ұйымдарының есеп беру тәртібін жеңілдетуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері қазақстандықтардың ерікті зейнетақы жарналары 30%-ға өсті