|
07.10.2020 | 12:51
3397

«Алматы» телеарнасының ұсынысын қуана қабылдадым – әнші Жұлдыз Өмірғали

«Таңғы студио» бағдарламасы көрермендерін немен қуантады?

«Алматы» телеарнасының ұсынысын қуана қабылдадым –  әнші Жұлдыз Өмірғали

«Таңғы студио» бағдарламасының жаңа жүргізушісі әнші Жұлдыз Өмірғалимен әңгімелесудің сәті түсті. «Алматы» арнасының ұсынысын қалай қабылдады? «Таңғы студио» бағдарламасы көрермендерін немен қуантады? Әнші өз ойын бөлісті.

– Ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

– Қуана қабылдадым. «Кастингке келесіз бе?» деп сұрағанда, бірден «иә» деп жауап бердім. Кастинг нәтижесін 2-3 күндей күттім. Соңында «Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушісі болдыңыз» деген жауап алып, дайындықты бастап кеттік. Әрине, қуаныштымын! Жүргізушілік тәжірибем бар деп айта алмаймын. Өмірде бір концерт жүргіздім, бір рет бағдарлама жүргіздім. Бұны тәжірибе деп айтуға келмейді, әлбетте.  

– Бұл салада тәжірибеңізді шындау үшін оқуыңыз мүмкін бе?

– Әрине, оқуым мүмкін. Адам өмірінің соңына дейін оқумен, тоқумен болады. Күнделікті өмірден адам өзіне қажетті дүниелерді үйреніп жатады.  Оқуды тоқтатқан адам ойлауды тоқтатады. Рас сөз. Бұл бағдарламадан бұрын жүргізушілікке байланысты онлайн курсқа қатыстым. Дауыс интонациясының дұрыс қойылуына, ойыңды анық әрі дұрыс жеткізуге байланысты біраз нәрсе үйрендім. «Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушісі болу үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ішкі түйсігім қателеспеген екен. Болашақта осы салада жұмысымды жалғастыруым мүмкін. Ал жаңа әндердің жазылуына, жаңа бейнебаянның түсірілуіне байланысты жаңалықты жолдасым Айқыннан сұрасаңыздар болады.  

– Таңертең ерте тұрған әйелдің бір ісі артық па, әлде ырысы артық па?

– Екеуі де. Пандемия уақытында күн мен түнім ауысып кетті. Таңғы 06:00-ға дейін ұйықтамай жүрген кезіміз болды. Мұндай жағдай біраз адамның басынан өтсе керек. Себебі төтенше жағдай, карантин бірінші рет болды елде.  Сол кезде күнделікті қалыпты өмірге оралсақ екен деп тіледім. Сол тілегім орындалған секілді бір жағынан. Қазір эфирге дайындалу үшін  05:30-да тұрамын.

– «Таңғы студио» бағдарламасы көрермендерін немен қуантады?

– Адамның ой-өрісін кеңейтетін танымдық ақпараттар «Таңғы студионың» ерекшелігі деп айтсақ болады. Әр күніміз тарих. «Таңғы студио» бағдарламасы сол күннің тарихына шолу жасаумен басталады. Қандай қызықты, тарихи оқиғалармен есте қалғанын білеміз, ғылым мен медицинаның дамуы, технология жетістігі, өнертапқыштардың жаңалығы туралы біле алады. Түрлі сала мамандарының тұшымды әңгімесінен өзіне қажетті сұрақтарға жауап таба алады. Адамның күні берекелі болуы үшін ең алдымен ерте тұрып, пайдалы контент тұтынғаны абзал. Дұрыс ақпарат сол күннің берекелі өтуіне тікелей әсер етеді. «Таңғы студио» бағдарламасын көріңіздер!  

– Сұхбат бергеніңізге рахмет! Іске сәт!


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир