|
12.04.2019 | 15:37
3612

«Жанды дауыста емтихан тапсыру керек»: енді елімізде эстрада әншісі болу қиындай түспек

Бұл туралы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры мәлімдеді

«Жанды дауыста емтихан тапсыру керек»: енді елімізде эстрада әншісі болу қиындай түспек Астана ақшамы

Елімізде айтыскер ақындар енді кәсіби түрде оқытылып, дайындықтан өтетін болады. Алдағы уақытта Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында осыған орай арнайы мамандық ашылмақ. Аталған ЖОО бұдан бөлек тағы бірнеше кәсіп бойынша маман даярлауды көздеп отыр. Тілшімізге сұхбат берген өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров оқу орнындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы айтып берді.

- Асхат Максимұлы, академия студенттерді қандай әдістер бойынша оқытып жатыр? Шәкірттерге қоятын ерекше талаптарыңыз бар ма?

- Енді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Қазақстанның шығармашылық оқу орындарының ішіндегі ең байырғы болып есептеледі. Ол сонау отызыншы жылы ашылған кинотехникумнан өзінің тарихын алады. Сол жерден Шолпан Жандарбекова, Бекен Римова сияқты атақты актрисалар шықты. Әрине, кейін Асқар Тоқпановтың консерваторияда 55 жылы театр факультетін ашуымен біз ары қарай тарихымызды жалғастырамыз. Яғни, өнер мамандарын даярлап келе жатқанымызға 85 жылдан асып кетті.

Қазіргі таңда 5 сатылы білім берумен айналысамыз. Атап айтқанда, мектеп-интернат, колледж, бакалавр, магистратура және доктарантура. Ал, академия жұмысы 3 бағытта өрбиді. Тарқатып айтар болсам...

Биыл қаңтар айынан бастап біз ғылыми зерттеу институтын аштық. Ондағы мақсат – сол шығармашылық бағыттағы өзекті мәселелерді ғылыми айналымға енгізу және ғылыми зерттеу институтын қанатын одан әрі кеңге жаю. Сонымен қатар, жаңа мамандықтар ашылып жатыр.

«Ұлы даланың жеті қыры» бізге үлкен импульс берді. Елбасының «Рухани жаңғыр» мақаласы аясында жүзеге асқан осынау бағдарлама бойынша студенттеріміз шетелдік гастрольдерге шығып, өз шығармашылықтарын шыңдап жатыр. «Ұлы даланың жеті қырында» біздің рухани құндылықтарымызды дәріптеу, ұмытып бара жатқан мәдени мұраларымызды жоғары оқу орындарында насихаттау тапсырылған. Біз енді осы тұрғыда қылқобыз бен ән салу, жетігенмен ән салу мамандықтарын іске қостық. Сонымен қатар, Қазақстандағы дәстүрлі өнер мектептерінің санын көбейтіп, айтыскерлерді кәсіби тұрғыда даярлауды қолға алдық. Бұдан бөлек, мәдени ескерткіштерді қалпына келтіретін реставраторларды, балетовед, музыкалық продюсер сынды жаңа мамандықтарды ашып жатырмыз. Бұл өз кезегінде талантты жастарға жаңа мүмкіндіктер береді.

- Академияға жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев проректор болып тағайындалды. Оның негізгі міндеті қандай? Енді әнші мен актерлардың сапасы өзгеретін шығар?

- Енді мен өзімнің замандасым, қазақ эстрадасының белгілі майталманы осы академияның түлегі, магистранты, докторанты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев қазір халықаралық-шығармашылық байланыстары жөнінде проректор қызметін атқарып жатыр. Әншілер мен актерларымыз енді міндетті түрде өзгереді. Мәселен эстрада әншілері бұрын бұл жерде тек 6-7 ән арқылы мемлекеттік емтихан тапсыратын болса, вокалистер мюзиклдан, оперетталардан үзінді орындайын деп жатыр. Әншілер комиссия алдында жанды дауыста ән салып, өзінің өнерлі екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар, Сәкен Майғазиевтің келуімен «Славян базары» секілді халықаралық фестивальдардың ұлттық және іріктеу кезеңдері осы біздің академияның қабырғасында өтетін болады. Мәселен, жуырда «Славян базары» халықаралық байқауының ұлттық іріктеу кезеңі аяқталды. Біздің академиямыздың 3-курс студенті Әділхан Макин енді сол байқауда Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Ал, Ерік деген 3-курс студентіміз Бухаресте өтетін халықраралық байқауға бара жатыр. Сәкен Қордабайұлы нағыз өз саласының білгір маманы ретінде тек проректор емес, сонымен қатар, шәкірт тәрбиелеу жұмысымен де айналысады. Биыл оқуға түсетін жастарды мен Сәкен Майғазиевтің шеберханасында оқуға міндетті түрде шақырамын.

Сонымен қатар, танымал театр және кино актері, Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың директоры Азамат Сатыбалды да бізде шәкірт тәрбиелейді, студент қабылдайдыөзінің шеберханасы бар. . Өзінің шеберханасына кино актеры мамандығы бойынша студенттер қабылдайды.

Мұндай білікті мамандардан тәлім-тәрбие алған жастар өскенде нағыз өнер жұлдызына айналарына күмәнім жоқ.

- Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан біздің арнаға сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир