Арыстағы оқ-дәрі сақталған қоймадағы жарылысқа тоқ көзі себеп болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Қарулы күштері «Ардагерлер одағы» төрағасының орынбасары Марат Нағұмановтың ойы осыған саяды. Біздің тілшімізге берген сұхбатында ол қоймаға біреу әдейі кіріп, қастандық жасады деуге еш негіз жоқ екенін айтты. Өйткені қойманы әскерге кеше келген жас жігіттер емес, тәжірибелі мамандар күзетеді екен.
– Марат Сералұлы, бүгінде Арыста болған қайғылы жағдай бүтін елдің қабырғасын қайыстырып тастады. Алғашқы сұрақ: оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды қоймаға қою ережесі қандай?
– Арыстағы қойма бізге Кеңес үкіметінен қалған. Шамамен өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қару-жарақ қоймаларының өз ережесі болады. Бұл орайда Қорғаныс министрінің арнайы бұйрығы бар. Сол жерде оны қанша уақытта жөндеу керек, қай уақытта шығару керек, соның бәрі жазылған. Меніңше, жарылысты ешкім әдейі ұйымдастырған жоқ. Өйткені сенбі күні онда ешкім жұмыс істеген жоқ. Жексенбі күні демалыс. Дүйсенбі күні ешкім әлі жұмысқа барып үлгермеген. Ал жарылыс сол күні таң ата орын алды. Техникалық па? Техникалық! Себебі сырттан ол қоймаға адам түгілі, тышқан жорғалап кіре алмайды. Дабыл бар. Әскери қарауыл деген дүние бар. Онда жас солдаттар емес, күзетте кәдімгі 30-40 жастағы азаматтар тұрады. Ал, іште істейтін адамдар сыртта жүрген адамдарға бағынбайды. Бір-біріне бағыныштылық жоқ. Сырттан келді дейін десең, арнайы күзет бар. Демек, мұнда біреу қастандық жасады деуге негіз жоқ.
– Қойма 1930 жылдан бері келе жатыр дейсіз. Онда қандай оқ-дәрілер болған?
– Онда ракета, артиллерия, снарядтар сақтаулы тұр. Оларға арнайы температура режимі, қысымдық ауа секілді ондай ештеңе керек емес. Ол тек стратегиялық ракеталарда ғана бар. Ал бұл қару-жарақтар далада да тұра алады. Бұл жерде ең ықтимал қауіп техникалық болуы мүмкін, яғни, тоқ көздерінен шығуы мүмкін. Бүгінде осы жағын нақты анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Президентіміз, Қорғаныс министрі де болды. Шешіледі деп ойлаймын.
– Неге қойма қалаға жақын орнласқан? Әскери қойма елдімекеннен бірнеше шақырым алыста болуы керек емес пе?
– Осындай қоймаларға арналған Үкіметтің қаулысы бар. Рұқсат етілмеген аумақ 3 шақырымға дейін барады. Кезінде әскери аумақта ешкім тұрмаған. Яғни, үйлерді кейіннен, бертінде қойманың жанында салған тұрғындардың өздері. Оны өздері салды ма, әлде әкімдік рұқсат берді ме, ол жағын мен айта алмаймын. Ол жөнінде тағы да комиссия шешеді.
– Кеңес үкіметінен келе жатқан оқ-дәрілерді жою ұзақ уақыт алады дейді. Қанша уақыт керек?
– Бүгінде оларды жою жұмыстары жүріп жатыр. 2005 жылдан бері ревизия жасалып, шығаратынды шығарып, көзін жойдық. Былтыр 180 мың тонна оқ-дәрі шығарылды. Жұмыстар әлі жүріп жатыр. Барлығын бірден істеп тастауға қомақты қаражат керек. Біз елдімекеннен 10 шақырым алыс жерге апарып тастайық деген ұсыныс жасадық. Қазақстанда жер көп қой.
– Марат Сералұлы, сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен, Нұржан Сәдірбайұлы, «Алматы» телеарнасы