Қандай кәсіп иелеріне кассалық аппарат орнату міндеттеледі – маман жауабы

14.02.2019 23:27

Сәуір айына дейін тіркелмеген кәсіп иелеріне айыппұл салынады

Алматыда 71 мыңнан астам салық төлеуші төлем операцияларын жаппай онлайн жүргізуге міндеттелген. Соның ішінде, қазір кассалық аппарат орнатпаған 37 мыңнан астам кәсіпкер қалып отыр. Осы жылы өзге де сала өкілдері үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысуға шектеу қойылмақ. Осы мәселе туралы толыққанды мәлімет алу үшін біз Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасы бөлімінің басшысы Айжан БЕКЕЕВАНЫ сөзге тартқан едік.

– Айжан Есболқызы, осы уақытқа дейін Алматы базарларын жаппай бақылау кассалық аппаратпен қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған еді. Оның  нәтижесі қандай?

– ҚР Президенті 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында сауда нарықтарының ақша айналымдарын, ақша төлемдерін бақылауға алу туралы айтты. Осыған байланысты жергілікті бюджеттен «Мобильді кеңсе» құралып, біз бизнесмендерге өзіміз шығып, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тырыстық. Осылайша, «Мобильді кеңседе» көрсетілген мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік берілді, яғни төлем төлеп, кеңес алуға болады. Біздің қаламызда 57 сауда нарығы орналасқан. Соның ішінде ашық сауда нарығының жалпы саны – 37. Ол жерде жалпы айтқанда 6000-нан астам кәсіпкерлер тіркелуі қажет болған. Осыған байланысты, қазіргі таңда көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ондай жұмыстар әлі де жүргізілуде. 2019 жылдың қаңтарынан бастап кассалық апаратты онлайн түрінде тіркелді деп айтсақ та болады.

– Алдағы уақытта қандай сала кәсіпкерлері бақылау кассалық аппаратын орнатуы тиіс? Бұл тұрғыда қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– 2018 жылдың қарашасында шыққан бұйрыққа сәйкес,  2019 жылдың сәуір айына дейін 323 қызмет түрі және 2019 жылдың шілдесіне дейін 86 қызметтік түрі міндеттелмек. 2019 жылдың 1 қазанына дейін 224 қызмет түрі кассалық аппаратты онлайн түрде тіркеуге міндетті. Оның ішінде, сауда және де стоматология, жоғары білім орындары, көлікті жалға алу, такси қызметі түрлері кассалық аппаратты орнатуға міндетті.

– Кәсіпкерлер үшін бақылау кассалық аппаратын орнату тұрғысында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Оны рәсімдеу қанша уақыт алады?

– Атап өтсек, салық төлеушіге қазір тіркелу өте оңай. Салық органдарына барып, салық өтінішін тапсырса, кассалық аппаратын әкелсе, бір күннің ішінде тіркеп береді. Еш қиындығы жоқ.

– Жауабыңызға рахмет!

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы