Ықылас музейінде қосымша 2 зал ашылып, жаңа жәдігерлер әкелінбек

Ықылас музейінде қосымша 2 зал ашылып, жаңа жәдігерлер әкелінбек
Музей қорында 1200-ден астам музыкалық аспап сақталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде тағы екі зал ашылмақ. Қазіргі таңда мұнда 7 зал жұмыс істейді. 1200-ден астам жәдігер сақталған тарихи орын тағы жаңа экспонаттармен толығады. Осыған байланысты Әзірбайжан, Тәжікстан, Австрия, Тайланд және Бельгия сынды елдердің елшіліктерімен келіссөз жүргізілуде.

Айта кетерлігі, жуырда музейге жаңа директор тағайындалды. Енді мұражайды Рүстем Қайратұлы басқарады. Осы тұста біз музейдің жаңа басшысымен сұхбаттасып көрдік.

– Рүстем Қайратұлы, музейге сырттан келген бөтен адам емес екеніңізді білеміз. Осы саланың басы-қасында жүргеніңізге біраз жыл болды. Халық тарапынан қызығушылық бар ма? Келушілер саны қанша және шетелдіктер жиі бас сұға ма?

– Музейге келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр біздің музейге жалпы 27 мың адам келді. Оның 30 пайызы шетелдік азаматтар болса, қалған 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Олардың көбін қазақ халқының ұлттық аспаптары қызықтырады.

Қазір музейімізде 7 зал болса, оның бесеуі осы қазақ халқының музыкалық аспаптарына арналған. Қалған екі залдың бірі – түркі тілдес халықтарының музыкалық аспаптарынан, екіншісі – әлем халқының музыкалық аспаптарынан тұрады.

– Музей қорында қазір қанша жәдігер бар? Тағы жаңа экспонаттар келсе орын жете ме?

– Қазірдің өзінде музей қорында 1200-ден астам музыкалық аспап сақталған. Енді оған әлем халықтарының музыкалық аспаптарын қосуды ойлап отырмыз. Мұндағы мақсат – туристерді көбейту. Шетелдік аспаптардың саны қаншалықты артса, туристер саны да соншалықты көбеюі тиіс.

Қазір Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Солар арқылы музейге аспаптар алдырмақпыз.

Сонымен қатар, жыл сайын Алматыда «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» атты халықаралық фестиваль өтіп тұрады. Мақсаты – Алматы қаласы мен шетелдің түрлі қалалары арасындағы бауырластықты нығайту. Фестивальге шетел музыканттары келеді. Олардың аспаптары музей қорына қабылданады.

Бұдан бөлек, музейде домбыра аспабын жасау шеберлеріне арналған «Аңыз домбыра» атты республикалық бәйге өтеді. Мақсаты – домбыраның көне қоңыр үнін қайтару және домбыра жасаушы шеберлерді халық арасында кеңінен насихаттау. Осы «Аңыз домбыра» байқау-бәйгесінде жүлделі орын алған домбыралар музей қорына қабылданады.

– Мұражайдағы экспонаттардың арасында ұлы тұлғалардың музыкалық аспаптарды да сақтаулы екен. Олар жинақталды?

– Бізде сонау ХІХ ғасырдағы қазақ өнерін қалыптастырушы ұлы тұлғалардың музыкалық аспаптары сақталған. Ондай құнды жәдігерлердің саны 70-тен асады. 2015-2019 жылдар аралығында музейге 216 музыкалық аспап қабылданса, соның 35-і ұлы тұлғаларға тиесілі.

– Осы құнды дүниелерді ғасырдан-ғасырға мұра етіп, қаз-қалпында жеткізудің құпиясы қандай?

– Ұлы тұлғаларымыздың домбыраларының әр қайсысының 150-200 жылдан астам тарихы бар. Олардың ерекшелігі – сол кездегі шеберлік өнердің мықтылығы, бұл домбыралар әлі күнге дейін дыбысын жоғалтапаған. Одан кейін, музейде экспонаттарды сақтаудың белгілі бір стандарттары бар. Аспаптар сол стандарттарға сәйкес сақтаулы тұр. Музейде арнайы қор сақтаушы өзінің күнделікті жұмысын бастаған кезде осы музей экспозициялық залдарындағы ылғалдылықты, ауа температурасын тексеруден бастайды.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Новости партнеров