Толыққанды соғысқа жете қоймайды - саясаттанушы Расул Жұмалы АҚШ пен Иран текетіресі жайлы

09.01.2020 01:25

Алайда оның кері әсері бүкіл әлемге, оның ішінде Қазақстанға да тиюі мүмкін

Иран мен АҚШ арасындағы жанжал ушығып кетуі мүмкін бе? Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне еліміздің саясаттанушылары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың ойы үшінші дүниежүзілік соғыс болмайды дегенге саяды. Өйткені Иран мен АҚШ арасындағы мұндай шиеленіс 40 жылдан бері орын алып келеді дейді. Жағдай кейде ушығады, кейде басылады, гибридті прокси соғыстарға жол беріліп отырады дегенді алға тартады. Бұл мәселе бойынша Almaty.tv тілшісі саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасқан болатын.


– Расул Берекетұлы, қайырлы кеш. Айтыңызшы, екі ел арасындағы текетірес неге алып келуі мүмкін?  


– Кеш жарық. Шындығында жылдың басы өте үрейлі, қорқынышты, өкінішті жайттармен басталып отыр. Әсіресе мына Иран мен АҚШ арасындағы текетірес. Бұның салдары өте қиын болуы ықтимал. Мәселе тек қана әскери-саяси жағында жатқан жоқ, бұл жерде гумантиарлық мәселе бар. Радикалды ағымдардың кеңеюі сияқты, бәлкім ашық, аймақтық, ғаламдық үшінші дүниежүзілік соғыс жайындағы әңгімелер үдеп кетті. Десе де менің ойымша толыққанды соғысқа жетпейтін түрі бар. Жалпы Иран мен Батыс арасындағы текетірес соңғы 40 жылда дамып келе жатқан жайы бар. Кейде ушығады, кейде басылады. Бірақ бұған дейінгі жағдайларда әркез ауқымды соғыс әірекеттеріне алып келкен жоқ. Иран-Ирак соғысы болсын, Американың елшілігінің кепілдікке алынғаны болсын, Тегерандағы не болмаса Иранның азаматтық ұшағының атылып түсірілуі Америка зымыранымен. Әркез екі жақтың саясаткерлері соғыстан тартынып отырды, десе де гибридті прокси соғыстарға жол беріліп отырды. Бұл дегеніміз басқа елдердің аумағында түрлі араңдату әрекеттері, террорлық-лаңкестік әрекеттері, қастандық жасауы, Американың сауда ұйымдарына, елшіліктері мен консулдықтарына, мұндай болуы әбден ықтимал.


– АҚШ пен Иран арасындағы текетірес Қазақстанға қай жағынан болмасын бір кері ықпалын тигізеді деп айтуға бола ма?


– Әлбетте, ықпал етеді. Қазірдің өзінде ықпал етіп отыр. Меніңше бұл кез-келген ғаламшар, бір-біріне тәуелді болғандықтан, тікелей болмаса да жанама түрде, мұнай бағасы арқылы бола ма, қауіпсіздіктің әлсіреуі арқылы бола ма, кері әсерін тигізетіні анық. Жағдай мүлде бақылаудан шығып кетіп, ушығатын болса, Қазақстанға қатысты айтатын болсақ, Иранның бізге жақындығы, Таяу Шығыстағы мемлекет. Иранның бізге Каспий теңізі арқылы көршілес мемлекет болып табылатыны, жағдай ушығатын болса, террорлық әрекеттің үдеп кететіні тағы бар, босқындар мәселесі. Өз алдына біздің Ирандағы азаматтар, Дубайдағы азаматтар, бизнесмен, саяхатшылар бар. Менің ойымшы бұл мәселені қарастыру керек. Алдын ала шараларды қарастыру керек. Мүмкін сол жақтағы азаматтарды уақытша елге қайтару немесе Иран арқылы ұшатын ұшақтарды айналма жолмен ұшыру, Американың Қазақстандағы елшіліктерінің күзетінің қауіпсіздігін күшейту    сияқты мәселелер ескерілуі керек. Мұнымен енді тікелей Сыртқы істер министрлігі, қауіпсіздік орындары тиісті ақыл-кеңестерін, осындай жағдайда не істеу керек деген рекомендацияларын біздің азаматтарға, біздің қандастарымызға не болмаса туристік компанияға әлемдік тәжірибеге сай беруі керек сияқты.


– Расул мырза. Жауабыңызға рахмет.

Теги: Иран соғыс