Атырау қаласында балабақша қызметкері коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау қалалық Білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 8 маусымда балабақшада таңертеңгі сағат 08.00-де жұмысқа рұқсат алу үшін температуралық тексерістен өткен қызметкердің дене қызуы болмаған. Алайда, респираторлық инфекция белгілері анықталған соң, ол жұмыстан жедел босатылған. Сол күні тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер жедел респираторлық ауруды растап, қызметкерге еңбекке жарамсыздық парақшасын ашқан. Ал, 11 маусымда балабақшаның қызметкерінен коронавирусқа алынған сынама оң нәтиже бергені анықталған.
«Қазір балабақшада тәрбиеленушілерді қабылдау тоқтатылып, ғимаратты залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, барлық қызметкерден COVID-19 инфекциясына сынама алу жоспарланып отыр. Ал, науқаспен жақын байланыста болған тәрбиеленушілерден ПТР-тест сынамасын алу тұрғылықты мекенжайлары бойынша емханаларда жүргізіледі», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.