Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты "маусымдық ауру" деп есептемейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Кейбір елдегі науқас санының өсуі шектеу шараларының алынуымен байланыстырылып отыр. Бұл туралы ДДҰ төтенше жағдайлар бөлімінің техникалық тобының жетекшісі Мария ван Керкхове мәлімдеді.
«Толқындар туралы айтқан кезде (вирустың) маусымдық тұмау секілді деп санаймыз, оның маусымдық сипаты солтүстік және оңтүстік жартышарларда қыс мезгілінде жағдайдың өршуімен байланыстырылады. Біз вирустың бұл түрін маусымдық деп есептемейміз. Вирус барлық жағдайда, климат пен өңірде байқалады», – деді Керкхове онлайн-брифинг барысында.
Оның айтуынша, шектеу шараларының арқасында коронавирустың тарауын тоқтатуға болады және инфекцияны бақылауға алу мүмкіндігі туады.
«Кейбір елде вирус қайтадан тарап жатыр, себебі шектеу шаралары алып тасталған», – дейді ДДҰ өкілі.
Еске салайық, ДДҰ 11 наурызда жаңа коронавирусты пандемия деп жариялаған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 33 миллионға жеткен.