Коронавирус індетін жұқтырған тағы 1 адам Алматы қаласында тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv .
Осы сағатта Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 18 адам, жалпы 37 науқас тіркелді.
Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты.
Коронавирус анықталған пациент — РФ азаматы. Ол 15 наурызда Краснодар — Мәскеу — Алматы рейсімен ұшып келген. Бұл ел ешқандай санатқа жатпайтындықтан, сырқат қарым-қатынаста болғандықтан карантинге алынды. Пациент бұрынырақ Мәскеу — Алматы бағытында ұшып келген әрі диагнозы расталған әйелмен байланыста болған.
«17 наурызда ол карантинге жатқызылды, коронавирус сараптамасы жасалды. 19 наурызда оң нәтиже алынды. Қазір ол инфекциялық стационарға орналастырылған. Біз оны осында емдейміз, жазылған соң Отанына оралуына болады», — деді Т. Әбілдаев.
Қазіргі кезде қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада 16 пациент жатыр, ал балалардың инфекциялық ауруханасында екі бала және біреуінің коронавирус диагнозы анықталған анасы бар. Жалпы, барлық сырқаттардың жағдайлары қанағаттанарлық, тек өкпесінде бұрыннан созылмалы обструктивті ауруы болғандықтан бір науқастың жағдайы орташа ауыр деңгейде.
Бүгінгі күні төрт провизорлы госпитальдерде 608 адам карантинде, 1 наурыздан бастап 730 адам үй карантиніне алынған. Карантиндегілердің барлығының температурасы қалыпты нормада.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Т. Әбілдаевтың мәліметі бойынша Алматының медицина мекемелерінде өкпенің жасанды вентиляциясы аппараты жеткілікті мөлшерде, қалалық ауруханаларда 479 дана және республикалық медмекемелерде 100 данадан астам.
Бүгінгі күні төрт стационар провизорлық стационарға ауыстырылды және қажетті қондырғылармен толық жабдықталды. Мұнда дертке шалдыққандармен байланыста болғандар және жұқтырудың жоғары тәуекелі бар аймақтардан келгендер орналастырылған.
«Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ЖРВИ, тұмауға шалдыққандар қатары шамалы. Керісінше, аталған аурулардың азайғаны байқалады. Стационарларда емделіп жатқан науқастар белгіленген уақыт, яғни кем дегенде 14 күн өткен соң вирусқа , оның ішінде коронавирусқа анализ тапсырады. Олар толық жазылған соң шығарылады», — деп қорытындылады сөзін Т. Әбілдаев.
Жалпы коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу үшін жеке профилактиканы қатаң сақтаған жөн:
- қолды жиі жуу және антисептикті қолдану. Қолды әрбір жарты сағат сайын 20 секунд бойына сабынмен жуу қажет. Егер жақын маңда қолжуғыш, сабын болмаса, онда микробты өлтіретін қарапайым антисептикті пайдалану қажет;
- бөлмені жиі желдеткен жөн;
- қоғамдық орындарға баруды шектеу қажет;
- қол алысудан және жақын байланыстан аулақ болған жөн;
- иммунитетті күшейту керек;
- ЖРВИ немесе тұмаға қатысты белгілер байқалса, жайсыз сезінсе, құрғақ жөтел пайда болса, онда дереу емханадан дәрігерді немесе «жедел жәрдемді» шақыру керек әрі міндетті түрде маска киген жөн.
Анықтама алу үшін 1406 нөмірі арқылы тәулік бойына жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласу қажет.
Ресми ақпаратты әлеуметтік желілердегі Алматы қаласы әкімдігінің сайтынан және ресми парақшалардан алуға болады. Қосымша ақпарат Telegram-каналдағы Stopcov Almaty жедел жарияланады.