Егер оқшаулау кезінде науқастардың бірінен ауру белгілері анықталған жағдайда олар бұл туралы дәрігерге хабарлап, ПТР тесттен өтуі тиіс
Грузия үкіметі жаңа қаулы қабылдады. Оған сәйкес, инфекция жұқтырған науқаспен жақын байланыста болған тұлғалар дереу оқшаулануға немесе тестілеуден өтпей карантинге ауысуы керек.
Бұл туралы елдің Ауруды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталық басшысы Амиран Гамкрелидзе брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Новости-Грузия» агенттігіне сілтеме жасап.
Ол бүгінгі күнде Грузияда симптомсыз пациенттер саны 30-дан 40%-ға дейін ауытқып отырғанын хабарлады.
Симптомсыз пациенттер карантин мен оқшауланудың 12 күні өткеннен кейін қалыпты өмір салтына орала алады. Мұндай жағдайда тест те тапсырмайды.
Егер оқшаулау кезінде науқастардың бірінен ауру белгілері анықталған жағдайда олар бұл туралы дәрігерге хабарлап, ПТР тесттен өтуі тиіс.
Егер тест оң нәтиже көрсетсе, пациент әзірленген хаттамаға сәйкес үйге немесе стационарға жіберіледі. Бұдан бөлек елге келген азаматтар үшін де карантин ережелері өзгерді. Шетелден келгендер бұрынғыдай карантинге жіберіледі, бірақ сегізінші күні олар зертханаалық ПТР тест емес, антиденеге негізделген жоғары сапалы «жылдам тест» тапсырады. Егер тест нәтижесі теріс болса, олар карантиннен шыға алады. Ал тест нәтижесі күмән тудырса, онда зертханалық ПТР тест тапсыратын болады.
«Адамдар карантинде немесе оқшаулауда босқа күтіп қалмас үшін осындай шаралар жасалып жатыр», — деп атап өтті Гамкрелидзе.
Орталық басшысы коронавирусқа қарсы вакцина 2021 жылғы көктемде қолжетімді болады деп санайды.
«Бір уақытта жеті миллиард адамға вакцина салу мүмкін емес екені анық. Сондықтан негізгі басымдық тиімді дәрі-дәрмекке беріледі», — деді Гамкрелидзе.