Италияда аты жаман ауруды жұқтырғандар саны азайып келеді. Соңғы тәулікте 1 мың 648 дерек тіркелген. Ал, бұған дейін бұл көрсеткіш 3 мыңнан төмен болмаған еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, бір тәулікте 1 мың 590 адам аурудан айыққан. Осылайша, Италияда қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 101 мыңнан асып жығылса, жалпы саны 14 мың 620 адам жазылған. Көз жұмғандар 11 мың 591. Ал, Грузия өз кезегінде індеттің күшеюіне байланысты коменданттық сағат енгізді. Бұл туралы осы елдің премьер-министрі Георгий Гахария мәлімдеді.
Енді кешкі сағат тоғыз бен таңғы алты аралығында Грузияның барлық елді-мекенінде жаяу немесе көлікпен жүруге тыйым салынды. Бүгінде аталған елде COVID-19 инфекциясы расталған азаматтар саны 98-ге жетті. Ал, әлем бойынша 785 мың 777 адам аты жаман ауруды жұқтырған, оның 165 мың 607-сі айығып шықты. Дәл қазір ең көп жұқтырғандар АҚШ-та тіркеліп отыр. Онда 164 мың 253 адам.
Тізімде екінші тұрған Италия, ал Испанияда 87 мың 956 дерек. Қытайда коронавирустың таралуы тоқтады десек те болады. Соңғы мәліметтер бойынша аспан асты елінде 81 мың 518 адам қауіпті індетті жұқтырған.