Сіздің қалада жүріп-тұруға рұқсатыңыздың бар-жоғын білу үшін ЖСН-ді енгізу керек
Алматыда жүріп-тұруға рұқсат беретін мәліметтер базасы жинақталған infoalmaty.kz сайты іске қосылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұқябаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, сайтта сондай-ақ, жеке тұлғалар қалада жүріп-тұруға рұқсаттың бар-жоғын білуге болады. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу керек. Ал кәсіпорындар үшін Бизнес сәйкестендіру нөмірін енгізсе жеткілікті.
«Бұл порталдың негізгі мақсаты – әрбір кәсіпкер ешқандай адамның қатысуынсыз өзінің ЭЦП арқылы ұсыныс береді. Ол кезде ЖСН және мемлекеттік нөмір арқылы өзінің жұмысшыларының және автокөлік тізімін ұсынады. Ол адам рұқсат берілмеген салада болса, бұл портал ақпаратты өткізбейді және қабылдамайды», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.
Өтінімдер мекеменің бірінші басшысының электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы ғана қабылданады. Бұл оған жеке жауапкершілікті жүктейді. Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша жалған ақпарат берген жағдайда жауапқа бірінші басшы тартылады. Сондықтан қала әкімінің орынбасары қарапайым тұрғындарды порталға өз бетінше жеке деректерін жарияламауға шақырды.