Брюссель қалалық аймағының басшысы Руди Верворт коменданттық сағаттың 2020 жылғы 13 желтоқсанға дейін ұзартылатынын мәлімдеді
Брюссель билігі коменданттық сағатты желтоқсан айының ортасына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазан айының соңында Брюссельде коронавирусқа шалдыққан адамдар санының күрт өсуіне байланысты сағат кешкі 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған.
Бүгін Брюссель қалалық аймағының басшысы Руди Верворт коменданттық сағаттың 2020 жылғы 13 желтоқсанға дейін ұзартылатынын мәлімдеді.
«Брюссельде пандемия статистикасы әлі де алаңдаушылық тудыртып отыр», – деп атап өтті қала басшысы.
Бельгияның Sciensano ғылыми орталығының мәліметінше, 18 қарашада елорда аймағында КОВИД-19 вирусын жұқтырудың 400-ден астам жаңа оқиғасы тіркелді.
Бельгиялық Валлония да аймақтық коменданттық сағатты аталған күнге дейін ұзартқан.