Ұлыбритания тұрғындарға түнгі клубтар мен бұқаралық іс-шараларға бару құқығын беретін вакцинация паспортын енгізуден бас тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид мәлімдеді.
«Осы аптада премьер-министр алдағы бірнеше айда COVID-пен күресу жөніндегі жоспарымызды айқындайды және онда вакциналау бағдарламасы тиімді екенін түсіндіреміз. Біз вакцинация паспортын енгізбеуіміз керек. Бұл жоспар енгізілмейтінін мәлімдегеніме қуаныштымын», – делінген хабарламада.
Мекемелер мен парламент депутаттары сынға алған бұл жоспар қыркүйектің аяғында енгізілуі тиіс еді. Жоспарға сәйкес Англия тұрғындары клубтарға немесе басқа да қоғамдық шараларға кіреберісте COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өткенін растайтын құжатты ұсынуы керек болған. Іс-шараларға барудың тағы бір мүмкіндігі – ПТР-анықтамасын ұсыну.
Үкімет мұндай паспорттарды енгізу мүмкіндігі қосалқы нұсқа ретінде қалатынын айтты.