Қызылорда облысы Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде соңғы науқас емделіп шықты. Осылайша бес ай бұрын жұмысын бастаған провизорлық стационар жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазалы ауданындағы 100 адамға арналған орталық осыдан 5 ай бұрын ашылды. Індет өршіген кезде жергілікті дәрігерлер уақытпен санаспай еңбек етті.
«Соңғы уақытта стационарға коронавирус, пневмония дертімен науқастар келіп түскен жоқ. Бүгін соңғы науқасты шығарып, провизорлық стационар жабылды. Енді бұл жерде дезинфекция жұмыстары жүргізіліеді. Одан кейін жұқпалы аурулар бөлімі халыққа қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады», – деді Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева.
Қазір ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Десе де дәрігерлер қауіпсіздік шараларын сақтап, медициналық маска тағуды ұмытпау қажеттігін айтады. Бұған дейін аудандағы Қазалы теміржол ауруханасындағы провизорлық стационар да жабылған болатын. Сондай-ақ,Қызылордада қалалық аурухана қалыпты жұмысқа қайта көшті.