Елімізде желтоқсаннан бастап «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі. Ол туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты. COVID-19-ды таратпау жөніндегі комиссия 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шетелдіктің келуіне шектеу қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Омикрон» штамының таралуына байланысты көптеген елдер карантиндік шектеу шараларын енгізіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректеріне сәйкес, жаңа штамм «дельта» нұсқасынан да қауіпті және тез таралады. Сол себепті Қазақстан да сақтық үшін 3 желтоқсаннан бастап коронавирустың бұл түрі тараған елдердің азаматтарын кіргізбеуді жөн санап отыр. Атап айтсақ, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконг азаматтарының Қазақстанға келуіне шектеу қойылды.
«Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египеттен келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан, міндетті ПТР тестілеудің болуы енгізіледі.
«Үшіншіден, «омикроннан» туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан, 7 күнге үй карантинге оқшаулануы тиіс», – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту ұсынысын Үкімет басшысы да қолдады. Премьер-министр ел ішінде эпидемиологиялық жағдай үнемі бақылауда болуы қажеттігін, ғимараттар мен көлікте маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыру керектігін баса айтты.
«Халықты вакциналаумен және ревакциналаумен тиісінше қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта шамамен 8,8 млн адам бірінші компонентті салдырды, бұл 18 жастан асқан адамдардың 76,6 пайызы және 8 миллионнан астам адам екінші компонентті салдырды, бұл – 70,8 пайыз. Бірақ бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін әлі жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрлігіне Ақпарат министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Оның үстіне, биыл маусымдық тұмау және ЖРВИ-дің таралу жиілігі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отырған көрінеді. Жалпы, Қазақстанда соңғы айда коронавируспен сырқаттанушылық 2,8 есеге төмендеген. Алайда мамандар сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпауға шақырады. Қауіпті дерт еңбектеген баланы да, еңкейген қарияны да аямайды. Сол себепті елімізде балаларды да қорғау мақсатында вакцина салу науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 62 700-ден астам бала және 17 мыңнан астам жүкті және бала емізетін әйелдер екпе алған.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан