Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырды деген ақпарат жалған. Ол туралы бүгін еліміз Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. Естеріңізге салайық, кеше ақпараттық сайттарда қазақстандық азамат сараптама тапсырған соң, клиникадан қашып кетті.
Қазір полицияның іздеуінде деген хабар тараған болатын. Ол туралы тіпті отандық телеарналардың бірінде айтылған еді. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі тиісті шара жүргізген. Нәтижесінде ақпарат расталмаған.
«Жергілікті полиция біздің азаматпен байланысқа шыққан. Ол бұған дейін клиникаға бармағанын және коронавирустің бар-жоғын анықтайтын қандай да бір анализ тапсырмағанын жеткізді. Корей полициясының ақпараты бойынша осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат КОВИД-19 коронавирусына шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану мекемесінде болған. Белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және осы мекемеде болған адамдарда вирустың бар-жоғына қатысты тест тапсыру қажет болған», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, біздің отандасымыз телефон арқылы денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Жауапты министрліктер тексермейінше халықты жалған ақпаратқа сенбеуге және дүрлікпеуге шақырды.