Қаулыға сәйкес қаларалық және ауданаралық автобус тасымалдарын әзірге тоқтата тұрмақ
Павлодар облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің №10 қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес қаларалық және ауданаралық автобус тасымалдарын әзірге тоқтата тұрмақ. Сондай-ақ ойын-сауық, отбасылық іс-шаралар, үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық мекемелерінің, барлық мәдениет және діни объектілердің, бассейндер, қалалық, қоғамдық жағажайлардың (оның ішінде жабдықтамлаған) жұмысы әлі басталмайды.
Қоғамдық тамақтану орындары сағат 8:00-ден 22:00 аралығында санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмыс жасайды. Сауда орталықтары да ережені сақтай отырып 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс жасамақ. Мектепке дейінгі мекемелерде 15 адамнан аспайтын кезекшілік топтарға рұқсат беріледі. Оған қоса, балаларды түзету кабинеттерінің, білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, 5 адамнан аспайтын топтардың жұмысына жазылу бойынша рұқсат беріледі.
Сыйымдылығын 50%-дан асырмай қонақ үйлер, демалыс үйлері, санаториялардың жұмысына рұқат беріледі. Ал, туристік объектілерде сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеулі жұмыс жасауға рұқсат.
Жұмыс уақытын сағат 22:00-ге дейін шектей отыра сұлулық салондары, шаштараздар, монша, сауналар, фитнес орталықтарының жұмысына рұқсат беріледі. Алайда, сыйымдылығы 50%-дан аспауы тиіс.
Қоғамдық орындарда, қызмет көрсетуге және демалуға арналған үй-жайларда, қоғамдық көліктерде (таксиді қоса), ашық аспан астында қоғамдық орындарда болған кезде барлық адамдарға медициналық немесе мата бетперделерін кию міндет.
Сонымен қатар, демалыс күндері қоғамдық көлік, сауда орталықтары, сұлулық салондарының жұмысы тоқтатылады.