5 қаңтарда Германия федералды жерлер мен Үкіметі өкілдерінің кездесуінен кейін пандемияға байланысты шектеуге қатысты шешім қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елде бір апта ішінде 100 мың адамға шаққанда 200-ден астам инфекция жұқтыру анықталған аудандарда шектеу күшейтілетін болды. Бұл туралы Германия канцлері Ангела Меркель федералды жерлердің премьер-министрлерімен бірлескен отырыс соңында мәлімдеді.
Оның айтуынша, әрбір 100 мың адамға шаққандағы ауруға шалдығу жағдайының санын 50-ге дейін азайту міндеті тұр. Бұл коронавирустың жаңа мутациясының таралуы жағдайында өте маңызды.
10 қаңтарға дейін күшіне енген шектеулер, мысалы, бөлшек сауда желісі мен мейрамхана үшін үш апта - 31 қаңтарға дейін ұзартылды.
Балабақша мен мектептер 31 қаңтарға дейін жабық болады. Қажет болған жағдайда балаларға күтім жасауда шұғыл көмек көрсетілуі мүмкін, сабақ бұрынғыдай қашықтан өткізіледі. Сонымен қатар, ата-аналар бала күтімі үшін ақылы демалыс алуына болады.
Тұрғын коронавирустың таралу қаупі жоғары «қауіпті аймақтардан» келген кезде міндетті түрде тест тапсырып, 10 күндік карантинге жатқызу енгізіледі.
Еске сала кетсек, 2020 жылғы16 желтоқсаннан бастап Германияда қатаң локдаун енгізілген болатын, ол бастапқыда кем дегенде 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін созылады деп жоспарланған.