ДДСҰ: COVID-19 пандемиясы таяуда аяқталмайды

30.10.2021 00:38

Пандемияның беті қайтпауына негізінен онымен күрес құралдарына қолжетімділік әркелкі болғаны себепші болып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Пандемия жақын арада аяқталмайды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеді. Себебі, әлемде соңғы екі айда тағы коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күрт өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Себебі коронавируспен күресте қажетті медициналық құралдар жеткіліксіз болып тұр. Бұған дейін вакциналар мемлекеттер арасында тең бөлінбей жатқаны хабарланған еді. Соның салдарынан, діттеген қоғамдық иммунизацияның қалыптасуы қиынға соғуда. Сондықтан қазір пандемияны тоқтатудың барлық амалы қолға алынып отыр. Осы мақсатта Еуроодақ екпе жасау қарқынын арттырмақ. Ол үшін бір жылға шақтап, қосымша 3,5 миилард доза вакцина өндіруді жоспарлап отыр. Кейін оны енді дамып келе жатқан елдерге таратады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдайды реттеу үшін жаңа жоба әзірлеуде. Бірақ ол үшін қомақты қаражат қажет екен.  

«Бүгінде біз COVID-19-бен күрес жүргізуді жоспарлау мақсатында жаңа бюджетті жариялап отырмыз. Әлем елдеріне вирусты еңсерудің қажетті құралдарын ұсыну үшін алдағы 12 айда 23,4 миллиард доллар қаражат керек. Аталған бастаманы толық қаржыландыру өте маңызды. Себебі бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стратегия құруына және пандемияны бақылауға алу жоспарын жүзеге асыруға септеседі», – деді ДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус. 

Ал Қазақстанда әзірге эпидахуал тұрақты. Өткен тәулікте 1697 жағдай тіркелді. Бірақ кейбір өңірлерде науқастар қатары азаймай тұр. Жұғу жағдайы күрт өскен Шығыс Қазақстан облысы бүгін «қызыл аймаққа» өтті. Соңғы тәулікте індеттен 28 отандасамыз қайтыс болды. Сондықтан дәрігерлер вакцина салғызу қажеттігін тағы ескертуде. Бүгінде екпенің толық курсынан 7 миллион 450 мыңға жуық халық өтті. Ал қараша айының соңында аяғы ауыр келіншектерді де вакциналау басталады. Осы ретте мамандар жүкті әйел мен іштегі балаға екпенің зияны жоқ дейді.

«Бүгінгі таңда АҚШ, Канада, Израиль, Германия мемлекеттерінде жүз мыңдаған жүкті әйелдер вакцина алды. Бірақ олардың ешқайсында асқынулар болмаған. Зерттеу нәтижесі бойынша, антидене іште жатқан балаға плацента қабығы арқылы берілгені анықталған. Ал босанғаннан кейін ана сүтімен берілген. Сондықтан балада дүниеге келген күннен бастап, бірнеше айға дейін жасанды иммунитет қалыптасады», – деді Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин. 

Бүгінде коронавирус репродуктолог, терапевт пен эпидемиологтардан бөлек, медицинаның өзге саласындағы мамандарды да қатты алаңдатуда. Себебі, созылмалы ауруы бар науқастардың КОВИД-19-ды жұқтырып, оны емдеу қиынға түсіп жатыр. Осы ретте, ревмотологтар аутоиммундық немесе ревматологиялық ауруға шалдыққан науқастар коронавирусты жұқтырған жағдайда, оларға қабынуға қарсы дәрі мен гормондық препараттарды қатар қабылдау қауіпті дейді. Себебі мұндай пациенттерде инфекциялық ауру өрши түсетін көрінеді.

«Ревматикалық аурулары бар адамдар үшін COVID-19 вирусын жұқтыру өте қауіпті. Әсіресе, егде жастағы қариялар мен ер азаматтар екі ауруды бірдей көтере алмай, арты өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл топтағы науқастарда вирус анықталса, науқастың жағдайын қатаң бақылау керек», – деді Қазақ ревматология алқасының президенті Ғалымжан Тоғызбаев. 

Сондай-ақ, мамандар ревматикалық ауруы бар науқастарға екпе алу қажет дейді. Бірақ қоғамда вакцинаның вирусты жеңетініне әлі де сенбейтін антиваксерлер бар. Мәселен, жуырда ғана әлеуметтік желіде «Ата-аналары перзенттерін вакциналауға рұқсат бермесе, онда балаларын мемлекет тартып алады» делінген хабарлама тарады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр. Себебі балалар тек ата-ананың рұқсатымен егіледі.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы