|
19.01.2021 | 18:14
3142

Солтүстік Қазақстан облысы «қызыл аймаққа» кірді

«Сары» аймақта үш өңір бар: БҚО, Алматы мен Қарағанды облыстары

Солтүстік Қазақстан облысы «қызыл аймаққа» кірді Фото: vlast.kz

Ал, коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша қызыл аймаққа кірген Солтүстік Қазақстанда демалыс күндері локдаун енгізілетін болды. Облыста шектеу шаралары қалай күшейтіледі? Бұл күндері қандай нысандар жұмысын тоқтатады? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Мамандардың сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы күндері вирус жұқтырған адамдардың саны күрт көбейген. Әсіресе 50 мен 60 жас аралығындағы тұрғындардан коронавирус инфекциясы көбірек анықталып жатыр. Өңірдің бас санитары күн сайынғы көрсеткіш жылдам өсіп барады дейді.

«R-көрсеткіші 1-ден асты. Аурушаңдық 71 адамда тіркелді. Егер өткен аптаның осы күнімен салыстыратын болсақ, ол күндері бізде 50-54 жағдайдан тіркеліп отырса, қазіргі таңда 71 жағдай тіркелді. Осыған байланысты біз қызыл аймаққа кіріп, осындай шектеу жұмыстарын күшейтіп отырмыз»,– деді Облыстық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысына сай 21 қаңтардан бастап облыста демалыс күндері локдаун енгізіледі. Енді бұл күндері кейбір нысандар жабылып, автобустар жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істейтін болады.

«Сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, сауда үйлерінің алаңы 500 м/кв асатын азық-түлік емес дүкендердің, жабық киім базарлары, азық-түлік емес тауарлардың жабық базарлары, жабық құрылыс базарлары, фитнес-тренажер залдары, бассейндер, спорт объектілері сауналар, қоғамдық көліктің жұмыстары сенбі және жексенбі күндері тоқтатылады»,– деді Облыстық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысы осыған дейін де қызыл аймақта болған еді. Ол кезде бірнеше елдімекенге блок-бекеттер қойылып, карантин талаптары қатаңдатылған. Ал, ауру саны тағы өршитін болса, жаңа қаулы шығуы да бек мүмкін.

Диана Есім «Алматы»телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир