«Бүгін ағымдағы жылдың 14 наурызында Алматыда 4 адамнан коронавирус инфекциясы лабораторлы тұрғыдан расталды», — деді Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Сонымен бірге жиынға Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қатысты, деп Almaty.tv хабарлайды.
Науқастар Қазақстан Республикасының азаматтары. Осыған дейін хабарланғандай, екеуі Германиядан келген.
«Коронавирус анықталған бірінші азамат 9 наурызда келіп, ҚР Бас санитар дәрігерінің сол кездегі Қаулысына сәйкес 1Б санаты бойынша үй карантинінде болды. Аталған науқаспен байланыста болған тұлғалар анықталды және дәрігерлердің бақылауы үшін провизорлық емханаларға жатқызылды. Ол жерде олардан коронавирус инфекциясына анализ алынды», — деді ол өз сөзінде.
Екінші науқас 13 наурызға қараған түні Алматыға Германиядан Берлин — Алматы чартерлік рейсімен келген. Келген уақытта шектеу енгізіліп, жаңа алгоритм және Қаулы әрекет етті. Экипажды қосқанда борттағы 12 адам инфекциялық стационарға карантинге жіберіліп, оқшауландырылды, лабораториялық зерттеуге анализдер алынды.
Үшінші науқас та Берлин —Алматы чартерлік рейсінің жолаушысы. Бұған дейін атап өтілген науқастың әйелі болып табылады. Бүгін 10 наурызда Мәскеу — Алматы рейсімен келген тағы бір жолаушыдан коронавирус анықталды. Келген кезде науқас хаттамаға сәйкес 2 санатқа жатқызылып, оқшауландыру қажеттігі болмады.
Қазіргі уақытта Бас мемлекеттік санитардың Қаулысына сәйкес аталған науқастар Алматы қаласының инфекциялық ауруханасына жатқызылды Науқастың жағдайы орташа ауыр. Науқастардың бәрі бекітілген хаттамаға сәйкес ем алып жатыр, вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытылы қолға алынды. Стационарда қажетті препараттар мөлшері, жеке қорғаныс құралдары, дезинфекциялық құралдар бар. 1,5 мыңнан астам орынға арналған қосымша 4 провизорлық ұйымдар дайындалды. Карантинге оқшауландыруға тағы 3 мыңнан астам адамға арнап орындар бөлінбек.
«ҚР Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдердің 1а санатына Иран мен Италия жатады. 1б санатына Германия, Испания және Франция жатады. 2 санатқа ҚХР, Оңтүстік Корея, Австрия, Бельгия, Дания, Катар, Норвегия, Нидерланды, БАӘ, Швейцария және Швеция елдері енді. 3 санатқа Әзірбайжан, Ұлыбритания, Ирак, Люксембург, Словения, АҚШ, Чехия және Жапония жатады», — деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Бүгінде қала бойынша 1а категориясы бойынша карантинде көпсалалы стационарларда 606 адам бар: №1 КМО (көпсалалы медициналық орталық) карантинде – 265, №2 КМО – 168 және №3 КМО – 178 адам.
Келуші азаматтарға қолайлы болу үшін жеке гигиена құралдарына дейін барлық қажетті заттар дайындалған.
Азаматтарға өздерін коронавирустан қорғау үшін бірнеше ұсыныстар берілді:
1. Қолды жиі жуу және антисептик қолдану. Қолды әрбір жарты сағат сайын сабынмен 20 секунд бойы жуу қажет. Егер жақын жерде не раковина, не сабын болмаса, микробты жою үшін қарапайым антисептик көмектеседі. Дәріханадан алынған қарапайым спирт те жарайды. Егер оған аллергияңыз болса, санитайзер қолданыңыз.
2. Барынша жиі ауаны тазартып, желдету.
3. Көпшілік шаралар мен концерттерге бармау. Егер ауырып қалған болсаңыз, қоғамдық орындарға бармаңыз, вирусты таратпаңыз, бетперде тағып, дәрігерге хабарласыңыз.
4. Әлем бойынша саяхатты шектеу
5. Қол алысудан және басқа да жақын байланыстан алшақ болу
6. Иммунитетті көтеру.