Әлемде коронавирустан 59 мыңнан астам адам көз жұмды

©Shutterstock / Fotodom
©Shutterstock / Fotodom
Ғаламшарда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 1 млн 99 мың адамға жуықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемде дәл қазіргі таңда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 1 098 456 адамға жетті. Сәт сайын жаңарып отыратын  Worldometers.info сайтының дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 59 178 адам бақилық болды. 228 923 адам ауруынан жазылып шықты. Өткен тәулікте тағы 82 745 адам қауіпті вирус жұқтырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

АҚШ-та әлем бойынша ең көп ауру жұқтыру оқиғасы тіркеліп отыр: бұл елде инфекция жұқтырғандар саны қазіргі таңда 277 465 адамға жетті. Өткен тәулікте 32 088 адам вирус жұқтырды, 1320 адам көз жұмды. Індет басталғалы 7391 адам қайтыс болды.

Италияда коронавирус жұқтырғандар саны – 119 827 адам. Кеше тағы 4585 адам ауру жұқтырды. Бір тәулікте 766 адам көз жұмды, індет басталғалы 14 681 адам бақилық болды.

Испанияда бүгінге дейін 119 199  адам қауіпті вирус жұқтырған. Өткен тәулікте тағы 7134 адам вирус жұқтырды. Жалпы, індет басталғалы 11 198 адамынан айрылған Испанияда кеше тағы 850 адам жан тапсырды.

Германияда ауру жұқтырғандар саны 37 159 адамға жетті. Бір тәулікте тағы 6365 адам ауру жұқтырып, 168 адам бақилық болды. Індет басталғалы 1275 өлім дерегі тіркелді.

Францияда 64 338 адам індетке шалдыққан. Бұлардың қатарына кеше тағы 5233 адам қосылды. Өткен тәулікте 1120 адам, індет басталғалы 6507 адам өмірден өтті.

Иранда ауру жұқтырған 53 183 адам бар, олардың 2715-і кеше тіркелді. Бір тәулікте 134 адам қайтыс болды, барлығы 3294 өлім дерегі тіркелді.

Түркияда бір тәулікте қауіпті вирус жұқтырғандар саны 2786 адамға жетті, елдегі жалпы науқастар саны – 20 921 адам. Бір тәулікте 69 адам көз жұмды. Індет басталғалы 425 адам бақиға аттанды.

Қытайда 81 620 адам ауру жұқтырған, оның 76 571-і ауруынан жазылып шықты. Барлығы 3322 өлім жағдайы тіркелді.

Ресейде 4149 адам коронавирус жұқтырған. Бір тәулікте 601 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Барлығы 34 науқас көз жұмды. Кеше 4 адам бақилық болды. 

Қазақстанда қазіргі таңда 500 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталып отыр. 29 адам ауруынан жазылып шықса, 3 науқас көз жұмды.  

Новости партнеров