Қазіргі таңда әлемде 662 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 26 мыңнан астам көз жұмды
АҚШ-та коронавирустан алғаш рет нәресте өлімі тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
РИА Новости агенттігінің жазуынша, Чикаго қаласында тұратын сәби әлі жасқа да толмаған екен.
«Бұған дейін COVID-19 вирусын жұқтырған нәресте өлімі болпаған еді. Қазіргі уақытта сәби өлімінің себебін анықтауға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Иллинойс штатының Денсаулық сақтау департаментінің бастығы Нгози Эзике.
Айта кетерлігі, коронавирус инфекциясына көбінесе қарт адамдар көп шалдығып жатады.
Қазіргі сәтте АҚШ-та коронавирустан көз жұмған адамдардың 85%-ы – 60 жастан асқан адамдар.
Бұған дейін коронавирустан Қытайда бір сәбидің қайтыс болғаны хабарланған еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурыз күні COVID-19 жаңа коронавирусын індет деп жариялады.
Қазіргі таңда әлемде 662 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды, 26 мыңнан астам көз жұмды.