Атырауда медбике коронавирус жұқтырып алған

29.03.2020 15:43

Медбике қауіпті вирусты жолаушыдан қан талдауын алып жатқан кезде жұқтырып алған

Фото: yandex.ru

Кеше кешке қарай Атырау облысында бесінші адамның коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаны белгілі болған еді. Кейін анықталғандай, әйел адамның медбике болып жұмыс істегені, оның қауіпті вирусты қан алу кезінде жұқтырып алғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Coronavirus2020.kz сайтының мәліметінше, ол Алматы – Атырау рейсімен келген жолаушыдан қан талдауын алып жатқан кезде жұқтырған екен.    

Медбике 17 наурыз күні Алматы – Атырау рейсімен ұшып келген қыз баладан қан талдауын алып жатқан кезде қауіпті вирусты жұқтырып алғаны белгілі болды. Бүгінгі күні жергілікті тұрғын тапсырған тест нәтижесі бойынша коронавирус инфекциясы расталды.  

Қазіргі таңда вирус жұқтырған пациенттің 27 адаммен байланыста болғаны анықталды. Олардың бәрі оқшауланып, карантинге жатқызылды.  

Еске салсақ, соңғы деректер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 229 адамға жетті. Олардың 18-і ауруынан жазылып, үйлеріне шығарылды. Өкінішке қарай, қауіпті вирустан бір адам көз жұмды.