Бельгияның мемлекеттік органдары Жаңа жылдан кейін болатын демалыс күндері шекарада елге кірушілерге бақылау күшейетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шет елдерден оралған бельгиялықтар бұдан да қатал шекаралық бақылаудан өтеді», – деп жариялады сейсенбі күні Бельгияның ішкі істер министрі Аннелис Верлинден.
«Федералдық билік қатаң тексерістерді әуежайларда, вокзалдар мен автомобиль жолдарында жүргізуде» делінген Бельгия ІІМ-нің мәлімдемесінде. «Біз 2020 жылдың наурыз айынан бастан кешкен жағдайдың қайталануын болд ы рмауымыз қажет. Ол кезде демалыстан қайтып оралған Бельгия тұрғындарының бір бөлігі елде коронавирустың таралуын жылдамдатқан болатын», – деді министр.
Бекітілген ереже бойынша, Бельгияға кіретін барлық жолаушылардың қолында коронавируспен ауырмайтынын дәлелдейтін тест қорытындысы болуы тиіс. Бельгияның федералдық полициясы елге кіретін барлық тұлғалар толтыруға міндетті жолаушыларды іздеудің арнайы формасының (PLF) дұрыс толтырылуын қадағалайтынын ескертеді.