Ухан вирусология институты ешқашан коронавирусты синтездемеген, оны жасанды жолмен шығарып, таратпаған. Бұл туралы Ухан ұлттық биологиялық қауіпсіздік зертханасының директоры, институттың ғылыми қызметкері Юань Чжимин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін Ухан вирусология институты COVID-19-ды зерттемеген. Ухан вирусология институты ешқашан коронавирусты синтездемеген, оны жасанды жолмен шығарып, таратпаған. Үшіншіден, институттың бірде-бір қызметкері мен студенті осы күнге дейін COVID-19 жұқтырмады», – деді Юань Чжимин брифингте.
Ол бүгінде вирустың қолдан жасалып не зертханадан тарағанына қатысты бірде-бір дәлел жоғын атап өтті.
«Ғалымдар арасында COVID-19 жасанды жолмен жасалған деген консенсус бар. Сарапшылар бүгінде вирустың жасанды жолмен өндіріліп не зертханадан тарағанына қатысты дәлел жоқ екені туралы мәлімдемелер жасады», – дейді Юань Чжимин.
Еске салайық, коронавирус тарай бастағаннан бері түрлі БАҚ-та вирус Ухандағы вирусология институтынан тарап кеткен болуы мүмкін екені туралы жазылған болатын. Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары Ухан вирусология институтына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.