Коронавирус: Австрия мен Иран жаппай локдаун енгізуде

17.11.2020 15:38

Локдаун мерзімі 6 желтоқсанға дейін созылады

inform.kz

Австрия эпидемиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан 6 желтоқсанға дейін жалғасатын жаппай локдаунға өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Осы уақытқа дейін Австрияда ірі дүкендер жұмыс істемейді. Мектеп оқушылары қашықтан білім алады. Альпі республикасының канцлері Себастьян Курц ел билігінің мұғалімдерге инфекцияға анализді ерікті түрде тапсыруды ұсынып, тұрғындардың өзге де топтарын Рождествоға дейін тестілеу үшін жағдай жасауға ниетті екенін хабарлады. 

Германияда қарашаның басында енгізілген жарым-жартылай карантин нәтижелері бағалануда. ГФР канцлері Ангела Меркель бұл шаралардың ауруға шалдыққандардың экспоненциалдық өсімін тоқтатуға мүмкіндік бергенін айтты. Алайда үкімет басшысы ел азаматтарын пандемияға байланысты әлеуметтік байланыстарын одан да қатты шектеуге шақырды. 16 федералдық жердің басшысыларымен толыққанды тыйым салу мәселесін келісу мүмкін болмады. 

Ковидтің бірінші толқыны кезінде қатаң шектеу енгізуден бас тартқан Швеция билігі енді бағытын өзгертіп отыр. 24 қарашадан бастап елде сегіз адамнан көп жиналуға тыйым салынады. 20 қарашадан бастап барлар, мейрамханалар мен түнгі клубтарда сағат 22-ден бастап алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынады. Соңғы апталарда елде COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының өсімі байқалып отыр, осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түскен. 

Швейцариядағы Женева кантоны қарашада коронавирус жұқтырудың ең жоғары деңгейі белгіленген Еуропа аймақтарының қатарына кірді. Мұндағы жүз мың тұрғынның ішінде алты мың адам ауру жұқтырған. Жергілікті ауруханалардың дәрігерлері дабыл қақты. Жағдай қатаң карантин енгізілген соң (кантонда мейрамханалар мен барлардан басқа, азық-түлік сатпайтын барлық дүкендер жабылды) тұрақтала бастады, алайда әлі де күрделі болып қалып отыр. 

ВВС-дің хабарлауынша, Иранда Covid-19 вирусы салдарынан өлім оқиғаларының көбеюіне байланысты сенбіден бастап бірінші локдаун енгізіліп жатыр. Болжам бойынша, тәулік ішінде өлім саны екі есе өсіп, ауруханалар науқастар ағынын қабылдай алмай қалады. 

«Үкіметтің бұл қиратушы вируспен күрес жүргізу үшін локдаун енгізуден басқа амалы жоқ. Мен коронавирустың үшінші толқынымен күрес жүргізу үшін жаппай күш жұмылдыруды жариялаймын», –  деді ел президенті Хасан Роухани. 

Пандемия басталғалы, елде ауру жұқтырудың 558 мыңнан астам оқиғасы тіркеліп, 41,4 мыңнан астам адам қайтыс болған. 

АҚШ-та Covid-19 вирусына шалдыққандар саны пандемия басынан бері 11 млн адамнан асты, ал ауруханалардағы пациенттер саны рекордтық қарқынмен өсіп жатыр. Елде коронавирустан 250 мыңға жуық адам қайтыс болды. Мичиган және Вашингтон штаттары қатаң карантин шараларын енгізген. Сәрсенбіден бастап Мичиганда жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері онлайн-оқытуға ауысып, мейрамханалар келушілерді қабылдамайды. 

Вашингтонда спортзалдар, кинотеатрлар, театрлар және мұражайлар жабылады. Осы арада Ақ үй желтоқсаннан бастап айына 20 млн американдық азаматқа вакцина егуге ниетті екенін мәлімдеді. Қазіргі кезде елде бірде бір вакцина ресми түрде мақұлданған жоқ, деп хабарлайды ВВС. 

Австралияда карантин талаптарын сақтауға міндетті адамдар тұрып жатқан қонақүйдің қызметкері отбасының 13 мүшесіне вирус жұқтырған. Ауру жұқтыру оқиғалары анықталған соң Оңтүстік Австралия штатының билігі өткізіліп жатқан тест санын көбейтіп, жаңа шектеулер енгізді. Наурыз айынан бастап шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынған, бірақ Австралия азаматтары мен қолында тұруға ықтиярхаты бар азаматтар арнайы қонақүйде міндетті 14 күндік карантинде болу талабын сақтаса, елге қайтып келе алады.