Елімізде коронавирус жұқтыру деңгейі 2,4 есе азайды – Алексей Цой

23.11.2021 15:39
baq.kz

Елімізде коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, еліміз және 11 өңір «жасыл» аймақта тұр.

"Атап айтатын болсақ, «жасыл» аймақта: Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалалары. Қарағанды, Қостанай, Ақмола облысы және Нұр-Сұлтан қаласы – «сары» аймақта. «Қызыл» аймақта Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Репродуктивтілік саны 0,93-ті құрайды", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері соңғы бір ай ішінде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын атап өтті.

"Жалпы республика бойынша соңғы айда аурушаңдық 2,4 есеге, атап айтқанда, айына 1 866-дан 773 жағдайға дейін төмендеді. Стационарлардағы науқастар саны 1,4 есеге, айына 8 750-ден 6 281-ге, амбулаториялық науқастар 1,8 есеге, 30 күн ішінде 42 119-дан 23 188-ге дейін қысқарған", – деді Алексей Цой.