Қытайда коронавирустен атақты режиссер отбасымен қайтыс болды

20.02.2020 15:39

Ол 14 ақпанда, алдын ала достарымен және Ұлыбританияда оқитын ұлымен қоштасқан

kxan36news.com

20 ақпандағы мәлімет бойынша дүниежүзінде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандардың жалпы саны 75 713 адам болды, құрбан болғандар саны 2126 адамға жетті. Тағы 16 231 науқас ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды 

kaz.tengrinews.kz South China Morning Post-қа сілтеме жасап.

Коронавирустың таралу ошағы орналасқан Хубей провинциясында 108 жаңа өлім тіркелді, ал жалпы ел бойынша - 114 жағдай.

Жапонның NHK телеарнасының ақпараты бойынша, Жапониядағы Diamond Princess круиз лайнерінде COVID-2019 алғашқы құрбандары пайда болған. Екі адам қайтыс болған.

Ухань қаласында 55 жастағы кинорежиссер, Hubei Film Studio кинокомпаниясының өкілі Чан Кай қайтыс болған. Бұл туралы The Guardian хабарлады. Чан Кай мен әпкесі вирусты ата-анасынан жұқтырған. Жергілікті ауруханаларда орын жетіспегендіктен, режиссер әкесі мен анасын ауруханаға жатқыза алмаған.

Кинематографистің әкесі 25 қаңтарда қайтыс болды. Оның ыстығы көтеріліп, жөтеліп, тыныс алуы қиындап кеткен. Артынша анасы қайтыс болды. Осыдан кейін Чан Кай мен әпкесі де вирус жұқтырғаны белгілі болған.

Режиссер инфекцияның ерте даму кезеңінде емдеуден бас тартыпты. Ол 14 ақпанда, алдын ала достарымен және Ұлыбританияда оқитын ұлымен қоштасқан. Чан Кайдың әпкесі де қайтыс болған. Бүгінде режиссердің әйелі жансақтау бөлімінде жатыр. Оның өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.

Чан Кай Ухандағы ЖОО-да журналистика факультетін бітіргеннен кейін киностудияда 1989 жылдан бастап жұмыс істеп келген.