Әлемдегі коронавирус: Францияда вирустың жаңа штамы анықталды, АҚШ-та Covid-19-ға қарсы антиденелері бар сәби дүниеге келді

1tv.ge
1tv.ge
Бүгінде Германия, Италия, Франция, Испания, Португалия, Словения, Исландия, Ирландия, Норвегия, Дания, Нидерланды, Индонезия және Венесуэлада AstraZeneca препаратымен егуді уақытша тоқтатты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көптеген елдер AstraZeneca вакцинасын қолдануды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл ретте, Еуропалық реттеуші препараттың тиімділігіне сенім білдіріп отыр. Ал Францияда ғалымдар қарапайым ПТР-тестілер анықтай алмайтын коронавирустың жаңа штаммын тіркеді. АҚШ-та коронавирусқа вакцина алған анадан антиденелері бар шақалақ дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ВВС агенттігі жазды.

ЕО реттеушісі AstraZeneca вакцинасына сенімін білдіріп отыр

Сейсенбі күні Дәрілік құралдардың еуропалық агенттігі (ЕМА) өзінде бар мәліметтерге сәйкес AstraZeneca вакцинасы мен вакцина егілген кейбір адамдарда тромбтардың пайда болуы арасында еш байланыс жоқтығын тағы бір мәлімдеді. ЕМА басшысы Эмер Кук бұл вакцинаның пайдасы барлық қауіптердің орнын басатынына толық сенімді екенін баса айтты. AstraZeneca мәліметінше, Еуропада вакцина егілген 17 миллион адамның арасында тромбоздың 37 оқиғасы тіркелген. ЕМА бұл оқиғалардың әрқайсысына талдау жүргізуде. «Тромбоз ЕО-дағы мыңдаған адамда болатының білеміз және екпе салғандар мұндай жағдайға не себептен тап болғанын нақты анықтағымыз келеді. Тексеру жалғасуда. Бірақ қазіргі кезде AstraZeneca вакцинасының пайдасы Covid-19 вирусы мен онымен байланысты ауру және өлім оқиғалары қаупінен жоғары болып отырғанын сеніммен айта аламыз», – деп баяндады Эмер Кук. EM-ның тергеу қорытындылары бейсенбі күні белгілі болады. 

Бүгінде Германия, Италия, Франция, Испания, Португалия, Словения, Исландия, Ирландия, Норвегия, Дания, Нидерланды, Индонезия және Венесуэлада AstraZeneca препаратымен егуді уақытша тоқтатты. Сейсенбіде бұл елдер тізіміне Латвия мен Швеция қосылды. Ал Германияда өңірлік және федералдық көшбасшылар ЕМА тергеуінің қорытындысы шыққанша аталмыш препаратпен вакциналау бағдарламасын кеңейтуді кейінге қалдырды. Таиланд билігі болса, керісінше, AstraZeneca вакцинасын уақытша қолданбау шешімін өзгертті. Сейсенбі күні бұл вакцинаны елдің премьер-министрі Прают Чан-Оча салдыртты. 

«Күмәнданып жүрген адамдар бар. Бірақ біз дәрігерлерге, медицинаның нағыз мамандарына сенуіміз керек», – деді Таиланд елінің үкімет басшысы. AstraZeneca вакцинасын әрі қарай қолдану шешімі туралы Австралия билігі де мәлім етті. Ал Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо отандастарын Еуропадағы реакцияға қарамастан екпе салдыртудан бас тартпауға шақырды. Жұма күні AstraZeneca мен тромбтардың арасында байланыс дәлелдерінің жоқ екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мәлімдеп, үкіметтерді оны пандемияға қарсы күрес құралы ретінде қолдануын тоқтатпауға үндеді. Айта кетейік, Британияда бұл вакцина – негізгілердің бірі, AstraZeneca-ның бірінші дозасын миллиондаған адам алып үлгерді. 

Франция кәдімгі тестілер анықтай бермейтін коронавирустың жаңа штамын тіркеді 

Франция билігі елдің батысындағы Бретань өңірінде ғалымдар коронавирустың жаңа штамын анықтағанын мәлімдеді. Бастапқы бағалау бойынша, бұл штамм басқаларына қарағанда әлдеқайда жұқпалы немесе қауіпті емес, делінген денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде. Бірақ оның басқа қауіпті ерекшелігі болуы мүмкін. Бұл штамды жұқтырып алған адамдар тобы Ланьон қаласының ауруханасында анықталды. Бірақ олардың кейбірінде індет белгілері бар болғанымен, коронавирусты анықтау үшін әдетте жасалатын тиімді ПТР-тест теріс болып шыққан. 

АҚШ-та Covid-19 вирусына қарсы антиденелері бар сәби дүниеге келді 

Флорида штатындағы Бока-Ратонның педиатр дәрігерлері Пол Гилберт пен Чэд Рудник қанында Covid-19 вирусынан қорғайтын антиденелері бар сәбидің дүниеге келгенін және бұл алғашқы оқиға болып табылатынын айтты. Доктор Гилберттің айтуынша, қаңтарда денсакулық сақтау жүйесінің жүкті қызметкері баласын босануға үш апта уақыт қалғанда Moderna вакцинасының екпесін салдыртты. Дәрігерлер болса, антиденелердің анасынан баласына өту-өтпеуін анықтау мақсатында, бұл жағдайды назарға алған. Сәби дүниеге келген кезде олар бірден кіндігінен қан талдауын алып, антиденелерді анықтады. Антиденелер нәрестеге тек анасынан өтуі мүмкін екендігі мәлімделді. Себебі әйел коронавируспен ауырмаған, тек індетке қарсы вакцина салдырған.



Новости партнеров