Украина карантин режимін 31 қазанға дейін ұзартты. Мұндай шешімді аталған елдің министрлер кабинеті қабылдаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Украинаның өңірлерінде шектеу шаралары күшейтілмек. Денсаулық сақтау министрі Максим Степановтың сөзінше, бұл осы елде дертке шалдыққандар санының күрт өсуімен байланысты. Сондықтан азаматтардың қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауын сұрады. Коронавирусқа қатысты жағдай тек Украинада емес, әлемде де нашарлап тұр. Осы күні жаһан жұртының 24 миллионнан астамы ауруды жұқтырған.
Джонс Хопкинс университетінің ақпарына сай 820 мыңнан көп адам көз жұмған. 15 миллион 600 мыңға жуық азамат жазылып шығыпты. Ауру ең көп анықталған елдердің көшін АҚШ бастап тұр. Онда 5 миллион 800 мың адам. Одан кейін Бразилия, 3 миллион 700 мыңға жуық. Үшінші орында Үндістан тұр. Бұл елде 3 миллион 300 мыңға тарта науқас тіркелген.