Өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 448 адам тіркелген
Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 30 адам тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметіне сілтеме жасап.
Вирусты жұқтырған 25 адам Қызылорда қаласында, 2-еуі Арал, 3-еуі Жаңақорған аудандарында анықталды.
Олардың арасында ең үлкені 1938 жылғы ер адам болса, ең кішісі – 2016 жылы туған ер бала.
«ПТР анализдері 22 науқастан вирусты жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болуына байланысты, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, 7 адамнан скринингтеу кезінде алынған. 1 адам ЖРВИ симптомдарының бар болуына байланысты өздігінен медициналық көмекке жүгініп, анализ тапсырған», - делінген хабарламада.
Зерттеу қорытындысы науқастардың коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Қазіргі таңда пациенттер ауруханаға оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр.
Ауру ошақтарында мамандар індетке қарсы іс-шаралар ұйымдастырып, қарым-қатынаста болғандар анықталуда.
Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 448 адам тіркелген, олардың ішінде емделіп шыққандар саны — 255.