Коронавирус індетімен күрес үшін аймақтарда 13 жаңа инфекциялық аурухана салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ауруханалар 2 мың 700 орынға арналады. Қосымша 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жұмыссыздықтың алдын алу үшін тағы қандай іс-шаралар атқарылады? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Карантин кезеңінде кәсіпкерлер шаруасы шатқаяқтап, көптеген адам жұмыссыз қалды. Үкімет бұл мәселені шешуге басымдық беріп отыр. Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының, «Жұмыспен қамтудың жол картасының» және басқа да бағдарламалар аясында 743 мың адам жұмыспен қамтылған. Шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 5 мың 800 жеңілдетілген несие және 17 мың 200 қайтарымсыз тегін гранттар берілген.
«Еңбек» бағдарламасына 379 мың адам қастысуға ниет білдірді. Оларға шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 5 мың 800 жеңілдетілген несие және 17 мың 200 қайтарымсыз тегін гранттар берілді. Мемлекет тарапынан жалақысы субсидияланатын жұмыс орындарына 156 мың адам тартылды. Қысқа мерзімдік оқытумен кәсіпкерліктің негіздеріне оқытуға 34,5 мың адам қатысуда. Қыркүйек айында қосымша 20 мыңнан астам ҰБТ-дан өтпеген мектеп түлектері жұмысшы мамандықтар бойынша «тегін техникалық кәсіптік оқуға» жіберілетін болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
«Еңбек» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында шағын гранттар беру қарқыны төмен. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Түркістан және Алматы облыстарында жоспарланған жұмыс орындарын ашу және халықты тарту бойынша жұмысты белсенді жүргізу қажет дейді министр.
«Жол картасын» қаржыландыруда тамыз айының жоспары бойынша өткен аптада кезекті 240 млрд. теңге бөлінді. «Жұмыспен қамту жол картасының» алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық оң әсері жөнінде тағы еске салып кеткіміз келеді. Жаңадан соғылатын 683 нысандар болашақта өңірлерде әлеуметтік актив ретінде халыққа қызмет ететін болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Үкімет басшысы әкімдер мен министрлерге жыл соңына дейін төрт ай ғана қалғанын ескертті. Қазіргі жағдайда басты міндет – бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету екенін естеріне салды. Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту және қолдау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.
Графика:
743 мың адам жұмыспен қамтылды
5 мың 800 жеңілдетілген несие
17 мың 200 қайтарымсыз тегін гранттар