|
30.09.2020 | 11:35
2915

А. Мамин коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды

Жалпы елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталды

А. Мамин коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды Primeminister.kz

Үкімет басшысы Асқар Мамин елде коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жалпы елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Вирустың репродуктивтік деңгейі 0,93 құрап отыр. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Дегенмен әлемде және бірқатар шекара маңындағы елдердегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, біз санитариялық талаптарды сақтау шараларын күшейтуіміз қажет», – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы жауапты министрліктерге бірқатар мәселелерге назар аударуды тапсырды.

«Біріншіден, мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі көшпелі медициналық кешендер мен жедел жәрдем автокөліктерін, қажетті техника мен жабдықты, жеке қорғану құралдарын сатып алуын қамтамасыз етіп, оларды 15 қазан айына дейін өңірлерге беру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге санитариялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтсін», – деді ол.

Асқар Мамин сонымен қатар санитария режимін бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажеттігін ескертті.

«Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстанға келетін азаматтарды санитариялық-карантиндік бақылауға алуды күшейту жөніндегі ұсыныстарын Ведомствоаралық комиссияда қарауды тапсырамын. Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация» және әкімдіктермен бірлесіп, медицина ұйымдарында және дәріханаларда дәрілік заттардың және жеке қорғану құралдарының болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағаларына бақылау жүргізу қажет», – деді ол.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир