Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты
Қазақстанда оқу жылы басталғалы 104 оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты. Сөзінше, кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 331, байланыста болған 550 адам анықталған. Ал, олардың ішінде 7 адамнан вирус табылды. Олардың жағдайы қалай? Үкімет ары қарай қандай шара қолданбақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатсын.
Қашықтан білім алатын оқушылардың арасында 71 баладан COVID-19 анықталды. Тағы 33 бастауыш сынып оқушысы, вирусты мектепте жұқтырған. Бас-аяғы 104 бала. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл ретте оффлайн режимде оқитындар арасында қауіп басым екенін айтты. Кем дегенде 1500 адамға дейін өсіп, оқушылар, мектеп қызметкерлері және отбасы мүшелері арасында сырқаттанушылар саны артуы ықтимал деген болжам да жасалып отыр.
«Сонымен бірге, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарамастан, біз халықтың сақ болу деңгейі әлсіреп бара жатқанын көріп отырмыз. Маскаларды кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау бойынша шаралар сақталмайды. Бұл сырқаттанушылықтың таралуына, оның ішінде тәуекел тобындағы адамдардың арасында таралуына және тиісінше бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінде болып отырғандай, Қазақстанда карантиндік режимді қатаңдату қажеттілігіне алып келуі мүмкін», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Рейдтердің нәтижесі көрсеткендей карантин режимін әлсірету сәтінен бастап талапты бұзу 30,4%-дан 40,7%-ға дейін ұлғайған. 10 өңірде карантинді сақтамау саны өскен. Соңғы 1 айда 1131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдердегі жағдайдың нашарлауына байланысты 5 қазаннан бастап келесідей шаралар қолдануды ұсынды:
«Басқа елдермен әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұру. Әуе қатынасы жаңартылған елдермен рейстер санын ұлғайтпау. Түркияға ұшулардың санын азайту. Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін мынадай міндетті талаптар белгіленсін: термометрия, сауалнама, алынған күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен COVID-19-ға тексеру туралы анықтаманың болуы. Анықтама болмаған жағдайда келгендер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдары елде карантин режимін күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір екі облыста төрт блок-бекет пен екі санитарлық бекет қойылған. Сонымен бірге, полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр.
«Қазіргі таңда біздің министрлік денсаулық сақтау саласының органдарына карантиндік және шектеу шараларының сақталуына көмектесіп келеді. Бұл мақсатта күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмыс істеуде. Сонымен бірге, медициналық мекемелердің сұрауы бойынша коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған азаматтарды анықтап жатырмыз. Бұған дейін полиция қызметкерлері денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге ел ішінде 5 мыңнан астам бірлескен рейд жүргізді. Осының арқасында карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев
Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне іс-шаралардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді, Денсаулық сақтау министрлігіне биылғы 15 қазанға дейін қажетті техниканы, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды. Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады.
Асылбек Тойбек