АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әйелі Меланиямен бірге коронавирус жұқтырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ke сілтеме жасап.
«Бүгін бірінші ханым екеумізде COVID-19 оң нәтиже көрсетті. Біз карантин мен қалыпқа келу процесін дереу бастаймыз. Біз оны бірге жеңеміз!» – деп жазды Дональд Трамп Twitter-де.
Бұған дейін АҚШ президентінің кеңесшісі Хоуп Хикстен коронавирус расталғаннан кейін Дональд Трамп карантинге жатқызылды. Ол COVID-19 тестілеуінің нәтижесін күтіп отырғаны хабарланған болатын.
«Үзіліссіз көп жұмыс істеген Хоуп Хикстен COVID-19 расталды. Қорқынышты! Біз бірінші ханыммен бірге тест нәтижелерін күтіп отырмыз. Осы уақытта біз карантин процесін бастаймыз!» – деп жазды Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін БАҚ өкілдері Хикстің Трамппен 29 қыркүйекте пікірсайысқа және 30 қыркүйекте Миннесота митингіге барғанын хабарлаған болатын.