Онымен бірге ұшып келген 90 жолаушының 20-сы ауруханаға жатқызылған
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді. Айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында жүрген жолаушылардың арасында іс сапармен және қыдырып келген шетелдіктер де бар. Ал алтауы еліміздің басқа өңірлеріне шығып кеткен. Олармен сол жақтарда жұмыс істемек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Барлық 84 жолаушыға хабарласып шықтық. Олардың арасында қайту билеті бар ресейліктер де бар. Соған қарамастан, барлығын оқшаулаймыз. Әзірге 20 адам ауруханаға жатқызылды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізда коронавирус жұқтырған үшінші адамның анықталғанын хабарлады. Қазақстандық әйел 12 наурыз күні Милан-Мәскеу-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, Елордасындағы көпбейінді медициналық орталықтың карантиндік стационарына жатқызылған болатын.
«Азаматша ұшақ бортынан 12 наурыз күні сағат таңғы 8:25-те біздің стационарға жеткізілді. Коронавирусты анықтап емдеу жөніндегі клиникалық қаулыға сәйкес бірден биоматериал алынып, ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасына жолданды. Нәтижесі коронавирустық инфекцияның барын көрсетті. Қазір науқастың қандай да бір шағымы жоқ. Жағдайы жақсы. Зертханалық тест расталған бойы ем-дом шаралары басталып кетті. Жақсы желдетілетін бір орындық палатада жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.
Айта кетейік, кеше кешқұрым Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталғаны мәлім болды. Бұл ақпарды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп «Ашық алаң» бағдарламасында айтты. Белгілі болғаны, Германиядан келген ұшақта болған 1976 жылы туған ер адамнан коронавирус табылды. Қазір ол Алматыдағы көпбейінді медицина орталығының стационарында ем-дом алып жатыр. Осылайша науқастардың саны төртке жетіп отыр.