Университет пен колледж студенттері қашықтықтан оқу жүйесіне көшті - Асхат Аймағамбетов
Жатақханада қалуға мәжбүр студенттер бөлмесінен шықпауы керек. Ал мұғалімдерге каникул кезінде мектепке бармауға рұқсат берілді. Балабақшалар болса, әзірше жұмысын тоқтатпайды. Десе де, ата-аналарға балаларын бөбекжайға әкелмесе де болады. Коронавирустан қорғану бағытында қолға алынған бұл шараларды бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тізіп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бөбекжайлар жұмысын жалғастырғанымен, балғындар балабақшаларға бармаса да болады. Еліміздің білім және ғылым министрі Астхат Аймағамбетов коронавирус жағдайында мектепке дейінгі мекемеге бармайтын балғындардың орнын сақтап қалу жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Ал үйірмелерге келер болсақ, музыкалық, көркемсурет және балалар-жасөспірімдер спорттық мектептері жұмысын 5-сәуірге дейін тоқтатып отыр. Еліміздің оқушылары да көктемгі демалыста 5 сәуірге дейін болмақ. Алайда, жағдай ушықса, қашықтықтан оқыту форматына көшуге тура келеді. Айта кету керек, мұғалімдерге каникул кезінде мектепке бармауға рұқсат.
«Өздеріңіз білесіздер, демалыс кезінде мұғалімдер жұмысқа барады, әдістемелік жұмыспен және басқаларымен айналысады. Біз осы жолы демалыс кезінде мұғалімдер ондай жұмыстарын үйде орындай алады деген шешім қабылдадық», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Министр коронавирустың таралуына жол бермеу үшін университеттер мен колледждердің студенттері үйлеріне қайтып жатқанын айтты. Десе де, жатақханаларды босатыңдар деп, студенттердің бәрін қуатындай жағдай болмайды. Басқа баратын жерім жоқ деген студенттер жатақханада ары қарай қалуына мүмкіндік бар. Бірақ әрқайсысы өз бөлмесінде болып, қатаң режім сақтауы керек деді Асхат Аймағамбетов.
«Колледж бен жоғарғы оқу орындарына келетін болсақ, бұл туралы да біз ақпаратты берген болатынбыз. Қашықтықтан оқыту форматына көшті. Жүйе бар, ол дайын. Кейбір колледждерде осындай сұрақтар туындаған. Сондықтан қазіргі уақытта біз осы кейбір колледждерде осы жүйені жылдам орнатып және де жүйеде ғана емес мәселе. Сол жүйеге тиісті ақпаратты енгізу үшін оған мұғалімдерді бейімдеу мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Наурыздың 13-інен бастап барлық бұқаралық шараларға тыйым салынды. Түнгі клубтардың жұмысы да тоқтады. Мұны баспасөз мәслихатында еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атап өтті. Барлық кинотеатрлар мен балаларға арналған ойын алаңдары жабылды. Салдарынан кей кәсіпкерлер өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ал жұмыссыз қалғандарға қандай өтемақы көрсетілетінін еліміздің бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол Нұрғалиев айтып берді.
«Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытын рәсімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытында ақы төлеу жалақысын ең төменгі мөлшерден кем болмайтын мөлшерде белгіленген», - деді ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол НҰРҒАЛИЕВ.
Елімізде ең төменгі жалақы 42500 теңге. Алайда, еңбек шарттарында немесе ұжымдық шарттарда бұл мәселе алдын ала қарастырылса, одан да жоғары төлем төленуі мүмкін. .
Салтанат Нысанбекова, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы