Өткен аптада әлемде 4,1 миллион адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 52,5 мыңнан аса адам көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) хабарлауынша, алдыңғы күндермен салыстырғанда, жаңа жұқтыру жағдайлары 2%-ға, өлім көрсеткіші 10%-ға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өткен апта көрсеткішімен салыстырғанда, өлім саны 10%-ға өсіп, 52,5 мыңнан аса адам қайтыс болған», – делінген ДДСҰ-ның эпидемиологиялық бюллетенінде.
Құжатта келтірілген статистикаға сай, 29 қараша мен 5 желтоқсан аралығында 4,1 миллион адам вирус жұқтырған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 2%-ға көп. 29 қараша мен 5 желтоқсан аралығында әлем бойынша 4 105 073 адам вирус жұқтырып, 52 641 адам қайтыс болған. Соңғы апта бойынша ең көп жұқтыру жағдайы АҚШ-та (752 393) тіркелген. Бестікке Германия (396 429), Ұлыбритания (310 696), Франция (283 500) және Ресей (231 240) кіреді. Вирус жұқтырғандар арасында дельта штамы анықталғандар үлесі – 99,8%. Ал омикрон штамы вирус жұқтырғандардың 0,1%-ынан анықталған. Альфа, бета және гамма штамдарының үлесі 0,1%-дан төмен, деп мәлімдеді ДДСҰ. Жаңа «омикрон» штамы 57 елде анықталған.