Түркістан облысында карантинге қарамастан көкпар ұйымдастыру деректері тыйылмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күнделікті рейд жүргізуде. Осындай кезекті рейд барысында Жетісай ауданының тұрғыны карантин талаптарын сақтамай, 100-ге жуық адамды жинап, көкпар ұлттық ойынын өткізіп жатқаны анықталды. Тәртіп сақшылары «көкпар» ойынына қатысушыларды дереу тоқтатып, олармен карантинді бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. Осы шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық орталығына жолданды. Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбауға шақырады. Базар, дүкен және басқа да адам көп жиналатын жерлерге барғанда, қоғамдық көлікте медициналық бетперде киіп, антисептик пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.