Елімізде соңғы 2 аптада коронавирусқа шалдыққандар саны артты. Жұқтыру дерегі бойынша елорда көш бастап тұр. Ал Алматы қаласында соңғы тәулікте індеттің ілмегіне ілінгендер саны 1953 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, пандемия басталғалы 205 667 тұрғын ауруға шалдыққан. Бұл жайында мегаполистің тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді.
«23 қаңтар күнгі жағдай бойынша коронавирус инфекциясының 1 953 жаңа жағдайы тіркелді, оның 1 832-і симптомдық белгілері бар және 121-і симптомсыз науқастар. Инфекциялық стационарларда жалпы саны 1 514 адам емделіп жатыр. Оның 189-ы – балалар», – деді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Басқарма басшысының сөзінен кейін қала әкімі жауаптыларға вакцина және ревакциналау жұмыстарын үдетуді тапсырды. Ал бас санитардың айтуынша, соңғы көрсеткіштерге сай коронавирус жұқтырғандар – 20 мен 40 жас аралығындағы тұрғындар. Сондай-ақ жұмыссыздар арасында да вирустың таралуы жиілеген.
«Қалада 100 мың адамға шаққанда бір аптадағы ауру өсімі салыстырмалы түрде баяулады. Алайда бір тәуліктегі көрсеткіш 0,27 пайызға дейін өскен. Ауру жағдайының лезде көбеюі «омикрон» штамының дельта штамын ығыстыруынан болып отыр. Ай соңында тәулігіне 3 мың адамға дейін коронавирус жұқтыру дерегі тіркелуі мүмкін», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдіжаббарова.