Қазақстан мемлекеттік шекарадағы шектеу шараларын күшейтеді

03.11.2020 в 21:32

Қазақстанда 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұру 2021 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылады

Қазақстанда 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұру 2021 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылады. Ал, 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап Түркия елініне халықаралық әуе рейстерінің саны аптасына 33-тен 20-ға дейін қысқартылмақ. Бұл туралы Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай шешім соңғы бір ай ішінде ел аумағында сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты қабылданып отыр.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын, тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер үшін Қазақстанға келу мерзімділігі 30 тәуліктен 90 тәулікке дейін өзгертілсін. 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұруды 2021 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту және Қытай Халық Республикасы мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың Қазақстан Республикасы аумағында 72 сағат визасыз болуын тоқтата тұру жөніндегі Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолдау тапты», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Отырыс барысында Үкімет басшысы емханаларды, стационарларды, жедел жәрдем қызметтерін қажетті жабдықпен толықтыруды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Премьер-министр бизнес субъектілері мен халықтың шектеу шаралары мен карантин режимін сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды да міндеттеді.