Коронавирус инфекциясы табылғандардың барлығы да Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары. Олардың 6-уы Батыс Қазақстан облысының, 5-і Алматы облысының, 2-і Түркістан және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ресей Федерациясымен шекарадағы Тасқала автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандар байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізген кезде, азаматтардың денсаулығына шағымдары болмаған. Алгоритмге сәйкес, СКП эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, азаматтар карантиндік стационарларға жатқызылды», - делінген хабарламада.
ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен 13 пациентте де COVID-19 диагнозы нақтыланды.
Барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.
Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынған.
26 сәуірдегі жағдай бойынша облыста COVID-19 вирусын жұқтырған 116 адам анықталған, оның 6 індеттен жазылып шықты.