Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 5 адам анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.
Коронавирусты жұқтырған 3 адам – Кеген ауданында, 2 адам Талғар ауданында тіркелді.
«1960, 1965, 1971, 1977, 2008 жылдары туған аталған азаматтардан қауіпті індет анықталды, 4-і бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған, 1-і профилактикалық мақсатта зертханалық тексеру кезінде анықталды. ПТР-талдау нәтижелері бойынша науқастарға COVID-19 диагнозы қойылды», - делінген хабарламада.
Науқастар алдын ала оқшауланған, қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды.
Қарым-қатынаста болған 4 тұлға анықталып, оқшауланады және коронавирусты жұқтырған-жұқтырмағанын білу үшін зертханалық тексерістен өтеді. Эпидемиологиялық тергеу жұмыстары қолға алынған.
Қазіргі уақытта Алматы облысында инфекцияны жұқтырған 206 адам анықталды.